Жаңатастағы көп балалы ана қуаныштан көзіне жас алды

0 7

Сарысу ауданы Жаңатас қаласының тұрғыны Нұргүл Қонысбаева жомарт жандардың қайырымдылығының арқасында  баспаналы болды. Ұзақ жылдар бойы пәтерден пәтерге көшіп тұрғын үйдің тауқыметін тартқан көп балалы ана қуаныштан көз жасына ерік берді. Бір отбасының бес бірдей баласына бақыт сыйлаған кәсіпкер — Фархат Шайымқұлов есімді азамат. Бұл туралы ауданның баспасөз қызметі мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Фархат  Шайымқұлов бұған дейін де бірқатар азқамтылған отбасыларын азық-түлікпен, басқа да жан-жақты көмекпен қамтып, мүмкіндігінше қол ұшын созып келген. Қасиетті Рамазан айында да сауапты істен жаңылмай, қайырымдылық жасауды жөн санадым, — дейді Ол

«Осы отбасын көзім шалған сайын тұрмыс жағдайының тым төмен екендігін байқайтынмын. Көп ойлана келе осындай қадамға барып, Ораза қарсаңында сыйлық жасауды жөн деп шештім. Елімізде пәтер алуға жағдайы келмейтін, көпбалалы отбасылар жетерлік. Мен мұсылман, өз елімнің патриоты ретінде, осындай жандарға өз атымнан көмек көрсетуді жөн деп санаймын», — дейді кәсіпкер.

Енді бұл пәтер балалардың сыңғырлаған күлкісіне толады. Бұл отбасы бұрынғыдай үйден үйге көшіп жүрмейді. Басыбайлы баспаналы болды.  Жалғызбасты, 5 балалы ананың қуанышында шек жоқ.

«Үйім жоқ еді. Тіршіліктің тауқыметін жас та болсам аз көрмедім. Жыртық үйдің де жамауы бар деген рас-ау, жоқ жерден 2 бөлмелі үй берді. Мұндай болады деп ойламап едім. Іші күшті, бәрін жасап қойыпты. Бұл кісіге рахмет көп. Алланың нұры жауа берсін. Аспанымыз ашық болсын», — дейді Нұргүл Қонысбаева.

Leave A Reply

Your email address will not be published.