Облыста «Болашаққа бағдар» атты кеңес беру алаңы өз жұмысын бастамақ

0 11

Аймақта мамыр-маусым айларында «Болашаққа бағдар» атты көшпелі кеңес беру алаңы өз жұмысын бастамақ. Бұл туралы ӨКҚ алаңында Жамбыл облысы жастар саясаты басқармасының басшысы Мәди Мәтен,  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Равиль Төлебаевтың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды,- деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Спикерлердің айтуынша бағдарламаның мақсаты айқын. Бір ай бойы жауаптылар облыстың әрбір ауыл, елді мекендеріндегі жастардың түрлі санаттарымен кездеспек. Жас ерекшеліктері 14 пен 29 жас аралығындағы жұмыссыз, мүмкіндігі шектеулі жастар, жеке кәсібін ашатын, әлеуметтік және құқықтық көмек қажет ететіндер, жоғары және арнаулы орта оқу орнын бітіруші студенттері көшпелі отырысқа қатыса алады.

Аталған шарада барлық санаттағы жастар мен тұрғындарға мемлекеттік қолдау тетіктері түсіндірілмек.  Кез-келген  ауыл жастары «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Бизнестің жол картасы», «Жастар практикасы», ауылшарушылығы, кәсіпкерлік сынды салалар бойынша кеңес алып, қабылдауға келсе болады.

Кеңес беру алаңында облыс әкімдігінің басқармалары мен мекемелері, «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық офисі мамандары  көрсетілген бағыттар шеңберінде және маңызды мәселелер бойынша түсіндіру және нақты нәтижеге бағдарланған жұмыстар жүргізбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.