Жыл басынан бері 45 жамбылдық отбасы солтүстік өңірге қоныс аударған

0 0

Биыл Жамбыл облысынан еліміздің солтүстігі мен шығыс аймақтарына 150-ден астам отбасы қоныс аударады деп күтілуде, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. 

Өңірдегі тұрғындарды ынталандыру шараларының арқасында жыл басынан бері 45 отбасы Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай өңірлеріне көшкен. Осы мақсатта Таразда кезекті өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Онда жамбылдықтарға 1200-ден аса жұмыс беруші 5 мыңға жуық бос жұмыс орнын ұсынды.

«Әлеуметтік пакеттер бар. Яғни үй беріледі. Адам басына 90 мың теңгеден 35 айлық есептік көрсеткіш бойынша көтерме жәрдемақы беріледі. Одан бөлек, пәтер болмаған жағдайда, бір жыл мемлекет оның жалдап отырған пәтерінің ақшасын төлейді. Отағасын да, әйел-баласын да жұмыспен қамтиды. Егер ешқандай мамандығы жоқ болса, оқытады. Сөйтіп жұмысқа орналастырады», — дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сейдахмет Сейітбеков.

Айта кетейік, өңіраралық бос орындар жәрмеңкесі үш күнге жалғасады. Алғашқы күні 100-ге тарта отбасы көшуге ниет білдірді. Тіпті бірқатары құжат рәсімдеуге кіріскен. Ертең мамандар аудан, ауылдық округтер мен елді мекендерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.