Қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған конференция өтті

0 41

31 мамыр саяси қуғын – сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы және Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Қазақстан халқының жады мен бірлігі — қоғамдық келісімді нығайтудың негізі: депортациялаудың тарихи сабақтары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Конференцияға облыстағы этномәдени бірлестіктер, қуғын – сүргін құрбандарының ұрпақтары,  аналар мен ақсақалдар кеңестері, «Ақ желкен» жастар лигасы, өңірдегі тарихшы-ғалымдар қатысты.

Аталған конференция аясында еңбек ардагері, өлкетанушы, қуғын сүргін құрбандарының ұрпағы — Нуридинов Кеңесбек «Арманда кеткен әкелерге ескерткіш болсын» атты баяндамасын оқыды. Оқылған әр баяндама саяси қуғын-сүргіннің құрбанына айналған түрлі ұлттың ауыр тағдырлары еске алынды.

Жер аударылған халықтардың тағдыр таразысына түскен нәубетті жылдары туралы қарашай-балқар этномәдени орталығының ақсақалдар кеңесінің мүшесі Хаджимуратов Исмайл баяндады. «Қарашай-балқар халқының қуғын-сүргінге ұшырауы және Қазақстанға жер аударылуы» атты баяндамасында олардың көрген қиындықтары мен жергілікті ұлттардың қамқорлығы туралы кеңінен тоқталды.

«Мен қуғын-сүргінді, зобалаңды көрген жоқпын. Менің анам Муслимат Хажымұратқызы -қарашай қызы. 1943 жылы 2-3 қараша түні қарашай елінің қалай жер аударылғаны жайлы бала кезімнен құлаққа құйып өсірді. Анам жер аударғанда 19-жаста, естияр жаста еді, өмірінің соңына дейін қазақ халқының жақсылығын айтып өтті. Ұйқыда жатқан Учкулан ауылын түнгі 3-4 шамасында гүрілдеген машина дауысы оятып, үйден жүгіре шыққан адамдарды әр үйге бөлінген екі офицермен автомат асынған төрт солдаттар қоршап алған, айтылған талап ең керекті заттарды алыңдар деп, бір сағатта машинаға тиеп, сол кездегі Батталпаша станциясына жеткізіп, мал тиейтін вагондарға орналастырып, белгісіз жаққа ала жөнелді… Шулап жылаған халық жақындарынан осылай айрылып кете барды», — деді ол.

Конференция соңы қиын кезеңдегі түрлі естеліктерді еске алып, ата – баба аманатын арақалаған саяси-қуғын сүргін құрбандарының
ұрпақтарына естелік сыйлықтар табыс етумен тәмамдалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.