Тараз қаласында биыл 86 спорт алаңшасы салынады

0 2

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен аудандар мен Тараз қаласында шағын спорт алаңшаларын салу мәселелері қаралды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Айта кету керек, бұған дейін облыс басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес өңірде барлық спорт нысандарына зерделеу жүргізіліп, олардың 203-інен түрлі деңгейдегі ақаулар анықталған болатын.

Бүгінде 132 спорт нысанына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтірілді. Ендігі кезекте 68 нысан бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Оның 17-сі Тараз қаласына, қалғандары аудандарға тиесілі.

Асқар Исабекұлы бұл жөндеу жұмыстарын уақыт созбай аяқтауды жүктеді. Сондай-ақ, мектеп спорт залдарын тұрғындарға барынша қолжетімді ету керектігіне айрықша көңіл бөлді.

Өңір басшысы мектеп спорт залдардың жазғы демалыста жабық тұрмауын, тек кешкі уақытта ғана емес, күндізгі мезетте де тұрғындардың игілігіне жұмыс істеуін қатмасыз етуді баса айтты.

Бұған өз кезегінде білім басқармасы реттеу, бақылау шаралары арқылы атсалысу керек. Мектепке қарасты спорт алаңшаларының да тұрғындарға қолжетімділігін назар ұстау тапсырылды.

Басқосу барысында спорт нысандардың материялдық-техникалық базасы, олардың күтіп ұстау мәселелері де жан-жақты талқыланды. Тараз қаласындағы қолданыстағы 200-ден аса спорт алаңшаларын бірнеше спорт түрін қамтитын әмбебап алаңшалар ретінде ыңғайластырудың маңыздылығы айтылды.

Өңір басшысы бюджет қаражатын керексіз дүниелерге жұмсаудан гөрі, осындай игілікті істерге ұтымды пайдалану керектігін, бұл бағытта халықтың сұранысын қанағаттандыру айтарлықтай қомақты қаражатты қажет етпейтіндігін тілге тиек етті.

Сондай-ақ, жиында облыс бойынша спорт алаңшаларының жалпы қажеттілігі сараланды. Басқарма басшсы тұрғындардың ұсыныс-сұраныстары мен басқарманың зерделеу жұмыстарының нәтижесінде өңірде барлығы 200-ден астам спорт алаңшасының қажеттілігі анықталғанын жеткізді.

Оның 86-сы облыс орталығына тиесілі болып отыр. Асқар Исабекұлы бұл қажеттіліктерді бір жылдың ішінде шешу керектігін атап өтіп, ол үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Бұл бағытта тиісті есептеулер мен талдаулар жүргізу, жұмыс жоспарын құру үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жолданып, бес күн уақыт берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.