Жамбыл облысында жол картасының негізгі тармақтары түсіндірілді

0 2

Жамбыл облысының Полиция департаментінде ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың нұсқауымен 2019-2021 жылдарға арналған ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша Жол картасының негізгі тармақтарын түсіндіруге арналған жедел кеңес өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Аталған кеңеске «Қазақстан ішкі істер органдары мен ұлттық гвардия ардагерлерінің ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы отставкадағы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, ҚР ІІМ Кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Бейсеев, Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Бахытжан Ералин қатысты.

Бақытжан Бейсеев жол картасының әрбір бағыты туралы қысқаша баяндады. Мәселен, полиция саны 11%-ға және қылмыстық-атқару жүйесі 10% — ға қысқарған.

Реформа аясында ІІМ-нің 12 оқу орнының бесеуі қалады. Полицияға жұмысқа тұруға үміткерлер үш және алты айлық қайта даярлау курстарынан өтетін болады.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы сөйлеген сөздерін басшылыққа ала отырып, Бақытжан Бейсеев тәртіпті сақтау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру мәселесіне ерекше назар аударды. Қоластындағы қызметкердің теріс қылықтары үшін басшының жауапкершілігі туралы Президенттің талабы осы мәселелерді шешуге оң ықпал етуі тиіс.

Өз сөзінде ҚР ІІМ министрінің кеңесшісі отставкадағы милиция генерал-майоры, «Қазақстан Ішкі істер органдары мен ұлттық гвардия ардагерлерінің ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков ардагерлер ұйымдарының қызметі туралы айтып, облыстық Полиция департаментінің жеке құрамына әрдайым қылмысқа қарсы күресте алдыңғы шепте болуға және офицердің абыройын асқақтатуға тілектестігін білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.