Банктер мүгедек жандардың бизнес ашуына несие берсе — кәсіпкер

0 0

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысы жұртшылығымен кездесуі барысында бірінші топ мүгедегі, жеке кәсіпкер Анар Бексұлтанова мүмкіндігі шектеулі жандарға банктер тарапынан несие берілсе деген ұсынысын білдірді. Бұл жайында ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Фейсбуктегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Мен осы дүниеге 2 қолсыз келген адаммын. Соған қарамастан, бұл маған жоғары оқу орнын бітіруіме, 20 жыл облыстық тарихи өлкетану музейінде экскурсовод қызметін атқаруыма, 5 жыл көлемінде жеке кәсіпкерлікпен айналысуыма, 2 қызымды тәрбиелеуіме кедергі болған жоқ. «Еңбек етсең — емерсің» — дейді дана халқымыз. Бүгінде жұмыс істеймін деген адамға екі қолға бір күрек табылады. Кесте тігем, сурет салам, үй шаруасымен толық айналысып жүрмін. Түрлі тақырыптардағы суреттер көрмесіне де қатысып тұрамын. Тек адамда қиындыққа мойымай, ұмтылыс, сенім болса, кез келген ауыртпалықты еңсеруге болады. Оған менің көзім толық жетті», — деді ол.

Анар Бексұлтанова аяғыммен тігін тігуді үйреніп, жасаған бұйымдарды өзі сатады. Үйінің бір бөлігін шеберхана етіп, кәсібін жүргізіп отыр. «Бизнестің жол картасы» аясында 3 миллион теңгеге әртүрлі функционалды 7 өндірістік тігін машинасын сатып алып, кәсіпкер ретінде жұмысын жалғастыруда. Қосымша төрт әйелді де жұмыспен қамтыған.

«Бүгінгі күні мемлекет тарапынан халықты әлеуметтік қолдау шаралары кеңінен жүргізілуде. Кәсіп ашам дегендерге мүмкіндіктер бар. Жақында ғана «Тараз» микроқаржы ұйымынан кәсібімді кеңейту үшін тағы 3 миллион теңге несие алдым. Мұның барлығы — еліміздің әлеуметтік саясатының, әрине сол саясатты қалыптастырған Нұрсұлтан Әбішұлының үлкен қамқорлығы деп білемін», — деді кәсіпкер.

Сонымен қатар, ол қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында жұмыс істейтін азаматтар аз еместігін атап өтті.

«Бірақ 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектерге көрсетілетін қолдау көбіне мемлекет тарапынан. Осыған орай 2-ші деңгейлі банктер арқылы да бизнес ашуға және кеңейтуге несие беру жолдары қарастырылса, аталған азаматтарды қолдау шараларының ауқымы кеңейген болар еді», — деді А.Бексұлтанова.

Еске салсақ, бұған дейін ҚР Президенті жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келгендігі туралы хабарлаған болатынбыз.  Аталған өңірге сапар кезінде Мемлекет басшысы Жамбылдағы туристік салаға қатысты тиісті тапсырмалар берген еді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.