Тараз қаласының әкімі тұрғындарды ҚР Мемлекеттік рәміздері күнімен құттықтады

0 45

Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев тұрғындарды ҚР Мемлекеттік рәміздері күнімен құттықтады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Құрметті қала тұрғындары!

Сіздерді мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын! Қасиетті Отанға, туған жерге, өскен елге деген құрмет оның рәміздеріне деген құрметтен басталады. Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Гимннен бастау алады. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңселі азаматтары, патриоттары қалыптасады.

1992 жылдың 4 маусым күні — ел тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Бұл күні елдігіміз сынға түсті. Ертеңіміз үшін жан беріп, жан алысқан парламенттік дода қызу талқыға айналды. 60-тан астам депутат өздерінің пікірлерін білдірді. Нәтижесінде қабылданған қыран бейнелі көкшулан туымыз (авторы — Шәкен Ниязбеков), басқаға ұқсамайтын шаңырақ шырайлы шын дара елтаңбамыз (авторлары — Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихан), әнұранымыздың әсем әуені мен әдемі мәтіні дүние есігін ашты. Олар тәуелсіз еліміздің атынан әлем алдында сөйлейтін тарихымыздағы тұңғыш ресми белгілерге айналды.

Осы күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» тарихи заңдарға қол қойды. Міне, сол жұлдызды күндерден бері тарихымыздың алтын беттерінен орын алған Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде аталып өтуде.

Ардақты ағайын!

Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері күні мерекесі құтты болсын! Бірлігі жарасқан тәуелсіз еліміздің қасиетті туы мәңгі желбіресін, күніміз мәңгі сөнбесін!

Тараз қаласының әкімі,

Қайрат Досаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.