Жамбыл облысында шағын орталық ашылды

0 0

Суханбаев ауылдық округі, Көкөзек ауылындағы Т.Ақбозов орта мектебінің жанынан «Шұғыла» шағын орталығы пайдалануға берілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews»  Ақпараттық Агенттігі.

Жаңа шағын орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев қатысып, тұрғындарды айтулы қуаныштарымен құттықтады.
Өз сөзінде Рахматілдә Сегізбайұлы жыл сайынғы есептік кездесуде ауыл тұрғындарының көтерген мәселелерінің бірі бүгінде өз шешімін тапқанын жеткізді.

Ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан орталық ашылып, қуаныштан жүздері жарқыраған ата-аналар тілегі орындалды. Көпшілік атынан ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Шәймұхамбет Әмірханов сөз алып, бүлдіршіндерге осындай заман талабына сай жағдай жасаған қамқорлығы үшін Елбасы мен аудан басшысының атына шексіз алғыс сезімін білдірді.

Орталықтың лентасын ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Шәймұхамбет Әмірханов пен зейнеткер — ұстаз Маржан Бақтыбаева қиды. Шашу шашылып, орталық бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. 

Жаңа үлгідегі жиһазбен жабдықталған кең де жарық бөлмелер жарқырап тұр. Ендігі уақытта шағын орталыққа келетін 25 бүлдіршінді алты педагог, жеті кіші қызметкер тәрбиелейтін болады. Заманауи талаптарға сай жабдықталған онда ойын бөлмесі, жатын бөлме және басқа да тұрмыстық — қызметтік бөлмелер бар. Мектеп ауласында балғындардың ойынына арналған алаң да жасалған.

Келешекте дәл осы шағын орталық тәрбиеленушілері еліміздің патриоты болатынына сенімдіміз. Өйткені, ауылдағы шағын орталықтың ашылуы ата-аналар мен бүлдіршіндердің көптен күткен қуанышы еді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.