Жамбыл облысында 1500 отбасы баспаналы болады

0 0

Жамбыл облысында биыл 465 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Нәтижесінде 1500-ге тарта отбасы баспаналы болады. Барлық жоба «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Аймақта бұл бағытта тұрғын үймен қамтамасыз етудің 3 жылдық жоспары бекітілді.  Негізгі құрылыс жұмыстары облыс орталығындағы 15-ықшам ауданда қызу жүріп жатыр. Бас жоспарға сәйкес көне шаһардың бұл бөлігі жаңа орталыққа айналады. Қазір мұнда 80 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы басталып кетті.

«Қазір екі үй салып жатырмыз. 1-2 және 3 бөлмелі үшінші санаттағы үйлер болады. Қабырғалары мен бөлмелердің төбесі – 2,7 метр. Индустриалды әдіс қолданылып жатыр. Құрылыс материалдарының барлығы жергілікті жерден алынады. Цемент, тас, құм, топырақ барлығы өзімізден шығады. Сонымен қатар, мына құрылыс панельдерін де өзіміз жасап, құрылыста пайдаланамыз», — дейді құрылыс компаниясының бас директоры Серік Олжабеков.

Мемлекеттік тапсырыс алған құрылыс компаниялары үйді бір-бірімен жарыса салып жатыр. Әр нысанда кемінде 120 адам еңбекпен қамтылған.

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, жалпы биыл мемлекеттік бағдарламамен 2305 пәтерлі 30 тұрғын үй салынады. Оның екеуі – 2020 жылға өтпелі жоба. Ал 21-і несиеге берілсе, қалғаны сатып алу құқығынсыз үлестірілетін арендалық баспаналар болады. Сонымен қатар шалғай аудандарда да бірнеше үй салу көзделіп отыр.

«Қордай ауданында 50 пәтерлі бір, Сарысу ауданында 190 пәтерлі 2 және де Жамбыл ауданындағы Аса ауылында 18 пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Аймақта тұрғын үймен қамтамасыз етудің 3 жылдық жоспары бекітілді. Енді жыл сайын кемінде 20 тұрғын үй салынып, жылда 1600 пәтер тапсырылмақ», — деді облыстық құрылыс басқармасының бас маманы Еркін Шайзадаев.

Дереккөз: 24.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.