Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев дарынды оқушылармен жүздесті

0 6

Қала әкімі Қайрат Досаев қала мектептеріндегі дарынды оқушылармен жүздесті. Кездесуге халықаралық, республикалық пән олимпиадаларының жүлдегерлері, ғылыми жоба жарыстарының жеңімпаздары қатысты, — деп  хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Айта кету керек, 2018-2019 оқу жылында халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысқан 32 оқушының 24-і жеңімпаз атанған. Кездесу барысында Қайрат Әскербекұлы дарынды оқушылардың алдағы өміріне сәттілік тіледі.
– Білімді жастар – ел тірегі. Еліміз егемендігін алып, азаттыққа қол жеткізгелі бері жастар мәселесі назардан тыс қалған емес.

Отанымыздың гүлденуі, дамудың даңғыл жолына түсуі сіздер секілді жастардың қолында. Өздеріңіздей дарынды жастар тұрғанда мемлекетіміздің іргесі берік, керегесі кең боларына, дамыған отыз елдің қатарына қосылатынымызға кәміл сенемін. Елбасымыз да жас буынға зор сенім білдіріп, биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл мемлекеттің жастарға үлкен үміт артып, оларға қолдау көрсеткенінің жарқын нышаны.

Алдағы уақытта да білімнің биік шыңынан көрінулеріңізге тілектеспін, – деген Қайрат Әскербекұлы жеткіншектерге оқуда озат болып, жоғары білімді маман атануларына тілектестік білдірді.Кездесуге білім бәсекесінде топ жарған оқушыларға сыйлыққа кітап табыс етілді. Еркін форматта өрбіген кездесуде дарынды балалар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.