Латынға негізделген қазақ әліпбиіне көшу бойынша республикалық апталық басталды

0 2

Бүгін ӨКҚ алаңында Жамбыл облысында қазақ әліпбиінің латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшу мәселелері бойынша республикалық ақпараттық- насихат апталығына арналған брифинг өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешов, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Әлібек Асқар, бас директордың кеңесшісі Оразкүл Асанқызы және осы орталықтың атқарушы директоры Ерболат Тілешов қатысты.

«Жамбыл облысы республикалық ақпараттық-насихаттау апталығын өткізу үшін кездейсоқ таңдалған жоқ. Облыс латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін түсіндіру, азаматтардың жаңа әліпбиді меңгерулеріне жағдай жасау бойынша жұмыстарды жүргізуде өте белсенді. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша қазіргі заманғы интернет-технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, республикада алғашқылардың бірі болып Qazalipbi.kz онлайн оқыту бағдарламасы әзірленді», — деп атап өтті Е.Тілешов.

Айтуынша, «Тіл оқыту әдістемелерін жүйелеу мәселелелері» тақырыбында семинары өткізіліп, қазақ әліпбиінің маңызы менжаңа емле-ережелерінің мазмұны, жаңа емлені меңгертуге арналған әдістемелер түсіндіріледі. Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл комитетінің Латын графикасына көшіруді үйлестіру басқармасының басшысы Г. Мұқан, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры орынбасары Л.Есбосынова және өңірлерден арнайы шақырылған орталық директорлары мен әдіскерлер қатысады.

Сондай-ақ, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде және Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Мектептен бастап зейнетке дейін» тақырыбында ашық әдістемелік дәрістердің өткізілуі жоспарланған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.