Жамбыл облысында «Біз Арыспен біргеміз» акциясы өтті

0 9

Жамбыл облысында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы және аудандық мәслихаттың ұйытқы болуымен «Біз Арыспен біргеміз!» акциясы аясында қайырымдылық шарасы өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Арыс қаласында болған жарылыстан зардап шеккен 100-ден аса жеткіншек Жамбыл жеріне, соның ішінде 21 бала ауданымызға қарасты «Кооператор» сауықтыру лагерінде демалуда.

Балғындардың әр күнін мазмұнды өткізу мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, концерттік бағдарламалар назарларына ұсынылған.

Алдымен балғындар лагерьдің әнұранын шырқаған соң, арыстық жеткіншектер би билеп, ән салды.

Одан әрі аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тлепов сөз алып, жас меймандарға Байзақ өңірінде 106 мыңнан аса халық, ал аудан орталығы Сарыкемерде 36 мың тұрғын тұратындығын, Байзақ батыр есімін иеленген ауданның тарихынан қысқаша ақпарат бере отырып, арыс халқына қиын кезде жұдырықтай жұмылып, жәрдем көрсетіліп жатқандығын жеткізді. Бүлдіршіндерге мәслихат депутаттарының демеушілігімен арнайы сыйлықтар табысталды.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақова айтулы шара «Біз Арыспен біргеміз» және «Мектепке жол» акциясы шеңберінде өтіп жатқандығын айтып, ақжарма тілегін арнады.

Облыстық резервте тұрған партия мүшелері: облыстық мәслихаттың депутаты Бақытжан Сейіткерімов, «Әулиеата-Феникс» ЖШС-інің директоры Фарида Жүнісова, аудандық мәслихаттың депутаты, іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сәния Алтаеваның және №3 Байзақ колледжінің директоры Мұхит Нысанбаевтың қолдауымен 6 мен 14 жас аралығындағы 21 балаға спорттық киімдер табысталды. 

Көрші өңірдің кішкентай меймандары Алтынбек Полат пен Амина Жолдас жазғы демалыстарының әр күні қызықты өтіп жатқандықтарын, әрі жаңа достар тапқандығын мақтанышпен жеткізіп, ағаларының сый-сияпатына алғыстарын айтты.

Игілікті шара соңында лагерьде тынығып жатқан 150 балаға тегін балмұздақ таратылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.