Жуалы ауданында қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

0 49

Жуалы ауданында   жоспарға сай аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырысты кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев ашып, жүргізіп отырды. Онда күн тәртібінде бекітілген төрт мәселе қаралды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңында «Азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелер бойынша пікірін білдіру қоғамдық кеңестер қызметінің мақсаты, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады», делінген. Қоғамдық кеңестің алдында тұрған маңызды мәселелерді шешу үшін оның жанынан құрылған үш комиссияның қатысуымен зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тыңдаулар өткізіледі. Мониторинг барысында анықталған кемшіліктер, қателіктер қоғамдық кеңестің бақылауына алынады.

Алғашқы болып «Жуалы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Қуаныш Болысбаев ұжымның үстіміздегі жылдың алты айында атқарған жұмысы туралы баяндады. Баяндамашы өз сөзінде аудан бюджетінен бөлінген қаражатпен атқарған қызмет барысында түскен қаражат бойынша есеп берді.

– Кәсіпорынның есепшотына түскен жалпы қаржы көлемі 82009,0 мың теңге болса, оның 49185,9 мың теңгесі жергілікті бюджеттен, ал 32823,0 мың теңге халыққа көрсеткен қызметтерден, тұтынушылардың ауыз суды пайдаланғанынан түскен қаржы,- дей келе, мекеме басшысы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және су бұру қызметтері барысында кездесетін қиыншылықтар туралы да айтып өтті. – Мысалы, жазда жерасты сулары тартылып, құбырларда су азайып, тұтынушылардың наразылығын тудырады. Сондай-ақ, Қайрат ауылының шетінде орналасқан орталық кәріз су жүйесінде электрнасос істен шығып, біраз күн су болмай қалған кез де болды.
Баяндамашыдан кейін мекемеге бюджеттен түсетін қаржының қалай жұмсалатыны туралы мониторинг жүргізіп, зерделеу жасаған бір топ қоғамдық кеңестің комиссия мүшелерінің қорытындысын оның төрағасы Әбуғали Ералиев баяндады. Комиссия тарапынан тұтынушыларға үздіксіз тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз ету және мекеменің есеп бөлімінің құжаттары реттеліп, тәртіпке сай жүргізілуі қажет, деген ұсыныс жасалды.

Екінші мәселе бойынша алты айда атқарылған жұмысы жайлы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов есеп берсе, мекеме жұмысының мониторингтің нәтижесімен қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттер, әлеуметтік-мәдени салалар және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрайымы Гүлнар Мұсаханова баяндама жасады.

Зерделеу бөлімнің мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты 8 стандарты бойынша атқарылған жұмысына жүргізілді. Ол аудандағы жалғызілікті қарттар мен мүгедектерге және жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес психоневрологиялық аурулары бар балалар мен 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік- педагогикалық, әлеуметтік-құқықтық бағыттары бойынша көрсетілетін қызметтер бойынша мониторинг жасалды. Бөлімнің жұмыс барысында орын алған кемшіліктер туралы айтылып, мәселелер бақылауға алынды.

Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының жарты жылда атқарған жұмысы туралы ауыл әкімінің орынбасары Бақытжан Мұхтарқұлов есеп берді. Баяндамашы шешімін күткен мәселелерге тоқталып өтті. Ол, жаңа көшелерге инфрақұрылым жүргізу, көше жөндеу, жарықтандыру, ауыз және ағын су, жайылым мәселелері туралы. Баяндамашыдан кейін қоғамдық кеңес мүшесі Толымбек Айдарбеков зерделеу жұмыстары бойынша мәлімет берді. Қоғамдық кеңес мүшелерінің көтерген мәселелеріне қатысты көріктендіру, көгалдандыру және санитарлық тазалық мәселелері әкімшілік аппаратының бақылауына алынып, орындалсын деген ұсыныс жасалды.

Аудандық білім бөлімінің 2019 жылға арналған мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру тапсырысын жан басына шаққандағы қаржыландыру және ата-ананың ақы төлеу мөлшерін бекіту туралы баяндаманы аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжанов жасады. Баяндамашы ата-ананың төлемақысының мөлшері 5000 теңгеден 5250 теңгеге дейін өскендігін, ал жеке балабақшалардағы ата-аналар төлейтін төлемақының көтеріңкі бағаларын ретке келтіріліп, бекітілгенін жеткізді.
Сондай-ақ, аудан бойынша балабақшалардың жұмысына зерделеу жұмыстарын жүргізу нәтижесі бойынша кейбір ұжымдарда тұрақты бар бала санына қарай топтар санын қысқартуға ұсыныс жасалды. Ұсыныс аудан әкіміне жолданып, бекіту туралы шешім қабылданды.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің қойған сұрақтарына баяндамашылар жауап берді, барлық қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.