Тараз қаласындағы ЖД-158/7 мекемесі Республикалық «Мектепке жол» акциясына үн қосты

0 3

Тараз қаласындағы ЖД-158/7 мекемесі Республикалық «Мектепке жол» акциясына үн қосып, аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созды. Ұжым болып жұдырықтай жұмылып, біршама қаражат жиналды. 8 жасар тараздық бүлдіршінге мектепке қажетті құрал-жабдықтан бастап, қыстық-күздік киім, аяқ киім, оқу-құралдары,сөмке түгелдей өз қалауы бойынша сатып алынды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Мұндағы тәртіп сақшылары әрдайым қайырымды іске қайырылған. Кезекті игілікті іс мекеме бастығының міндетін атқарушы, әділет подполковнигі Алмазбек Нышанбекұлының бастамасымен орын алды.

Болашақ құқыққорғау саласының ержүрек қызметкері болуды арман еткен қылықты қызға мекеме басшысы базарлықты өз қолымен табыстап, игі лебізін жеткізіп, ақыл-кеңес те берді.

Балалық көңілімен қуанып, мектепке толықтай дайын екендігін сезінген балақай жүрекжарды тілегін арнап, алғыстан басқа айтарым жоқ десті. Жиын соңында аға-әпкелерімен естелік суретке де түсті. Кішкентай Сағынай үшін мекеме есігі әрдайым ашық, ЖД-158/7 түзеу орны қол ұшын созуға дайын екендігі де жиын соңында айтылды. Алдағы уақытта да ілкімді істер жалғасатын болмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.