ҚАЖД ЖД-158/7 мекемесінде Алғыс айту күніне орай қайырымдылық іс-шарасы өтті 

0 5

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД ЖД-158/7 мекемесінде 1 –наурыз Алғыс айту күніне орай қайырымдылық іс-шарасы өтті ,  — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Түзеу мекемесі өңірдегі соқыр және көзі нашар көретін «Болашақ» арнайы мектеп-интернатымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бұған бірнеше рет атаулы мектепке қол ұшын созып, ағаш бұйымдарынан әзірленген домбыра, шахмат сынды дүниелерді сыйға тартқан болатын.

Осыған орай арнайы мектеп тәрбиеленушілері рахмет ретінде концерттік бағдарламасын ала келіп, түзеу мекемесінің қызметкерлерін құттықтады. Ән әуелеп, мүмкіндігіне қарамастан мың бұрыла биледі.

Мұнымен қоса, жүрекжарды анаға, өмірге деген алғыстарын өлеңге қосып, кіп-кішкене жүректер отты сөздермен өрілген сиясы кебе қоймаған ыстық ықыластарын мәнерлеп оқыды.

Мекеме бастығы, әділет подполковнигі Алмасбек Азизбеков  бастамасын қолға алған алынған мерекелік жиынға мекеме аумағында орын тепкен кәсіпкерлер де ұн қосты. Атап айтар болсақ, «Медетбеков», «Тимур», «Ерекше Ошақты», «Азамат», «Юсупов» жеке кәсіпкерліктері. Аталмыш қайырымды іске бизнес өкілдері ұзақ дайындалды. Таза табиғи отандық өнімнен 30 дана былғары аяқ киім тігілді. Жазасын өтеуші сотталғандардың қолымен астау, қасиетті домбыра, саба,қазақи нақыштағы қобдишалар, қылқалам туындылары және өзге де бұйымдар сыйға берілді. Балалардың аңсары әрдайым ауатын тәттілер де ұмыт қалмады. Түрлі  бәліштер мен сусындар да болды. Сонымен қатар азық-түлік өнімдері үлестірілді. Концерттік бағдарламаға көзайым болып,  ерекше көңілге бөленген жандар алғысын жаудырып, ізгі лебізін білдірді. Базарлыққа қарық болған балғындар да шат-шадыман күйге енді. Игі іске мекеме басшылығы, жеке құрам сондай-ақ, 10-нан астам жеке кәсіпкерлік жұмылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.