Ел боламын десең бесігіңді түзе!

0 19

Орта Азиядағы Ұлы Жібек жолын жалғап жатқан, дипломатиялық қарым-қатынастың күре тамыры іспеттес Көне Тараз қаласы өзіндік тарихы мен тағдыры бай көне қалалардың бірі әрі бірегейі.

Сонау ежелгі заманнан алуан түрлi мәдениеттер мен халықтардың бақытты мекені, оларды бiр-бiрiмен байланыстырып, идеялар алмасудың тұрақты да маңызды факторы ретiнде қызмет етiп келедi.

Қазіргі таңда Тараз қаласында 100ге жуық этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Қай елде, қай қоғамда болмасын ұлттар мен ұлыстар ынтымақты өмір кешкенде ғана береке болатыны ақиқат. Сөйтіп сол бір тұста бірнеше ұлттар мен ұлыстар өкілдері ортақ Отанымыз деп тату тәтті ғұмыр кешіп жатқан елімізде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың идеясымен Қазақстан халқы Ассамблеясы деген құрылым дүниеге келді. Бұл құрылымның жұмысы халқымыздың ынтымағы мен бірлігі үшін оң нәтижесін берді.

Әр ұлттық этностық бірлестік сол ұлттың мәдениетін, әдебиетін, өнерін үнемі насихаттап, кейінгі ұрпаққа ұмытылмас үлгі етуді негізге алды. Ол нәтижесіз болған жоқ. Тәуелсіздік алған жиырма бес жылдан астам уақыт аралығында ұлттық дәстүрдің өзегінен нәр алған, достыққа адал өнегелі жас буын өсіп шықты. Сол жастар бұл күнде елімізде, әр саланың тізгінін ұстап еліне қызмет атқарып жүр

Ел келешегі үшін жасалынған мұндай игілікті іс Жамбыл облысында мақсатты жолға қойылып, мұратты іске асырылып келеді. Осы орайда өңіріміздегі ұлттық — мәдени орталығының көшбасшысы «Әулие ата» қазақ мәдени орталығы тұрғанын мақтанышпен айтуымыз ләзім.

«Әулие – ата» қазақ мәдени орталығы 1997 жылы қаңтар айында қоғамдық бірлестік болып ұйымдастырылып, елмен бірге қашанда жақсылықтардың жақтаушысы, игі бастамалардың қолдаушысы болып келеді. Басқа этникалық топтардың ұлттық коды мен болмысын сақтай отырып, рухани санасын жаңғырту арқылы ұлттық құндылықтарды қоғамдық жаңа сапаға көтеріп, Қазақстандық Біртұтас Ұлт болу идеясын жүзеге асыруда сүбелі жұмыстар атқарылып жатыр.

Облыстық Ассамблея жанынан құрылған Аналар кеңесі түрлі халықтардың басын қосып, қоғамда болып жатқан ынтымаққа үндейтін рухани шаралардың ұйтқысы болып, елдің ынтымағы мен бірлігі үшін жасалып жатқан игі істердің басы –қасында жүреді.

Түрлі ұлт өкілдерінен тұратын Аналар кеңесі қоғамда болып жатқан халықпен етене араласып, мұң-мұқтажын , отбасындағы кейбір кикілжің

тудырған істердің түйінін шешуде тынымсыз еңбек етіп, ел құрметі мен алғысына бөленуде. «Мектепке жол», «Караван мелосердия» , т.б қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып, көп балалы отбасына, ажырасқан, зорлық-зомбылық көрген аналарға қашанда көмек көрсетуде үлгі істердің өнегесін көрсетіп келеді.

«Әули ата» мәдени орталығының жанындағы Аналар кеңесі өз жұмыстарында қазақ қоғамының ерекшеліктерін үнемі ескеріп келеді. Яғни, барлық этностар қазақ ұлтының төңірегінде топтасып, осы мақсатта жұмыс істейтін «Қазақтану» бағдарламасының аясында өзге ұлт өкілдері қазақтың салт-дәстүрін, тілі мен тарихын, мәдениеті мен әдебиетін, тұрмыс – жағдайын терең танысып, үйренуде ықыласы зор. Мемлекеттік тілді жете меңгерген өзге ұлт жастарының қатысуымен өтетін «Туған тілің тұғырың!» атты тіл мерекесі жақсы дәстүрге айналған.

Ия. Көне ғасырлардан тамыр алған мәдениет пен өнеріміз жалғасын тауып, ұлттық салт-дәстүріміз жаңа белестерден көрінуде.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе». Ия, тәрбие талбесіктен басталады, расында тәрбие көзін бесікте анасы берсе, мектеп қабырғасы да тәрбиенің қайнары. Тәрбие ананың аялы алақанынан бастау алады. Мысалы қыздың қылығынан, жүріс – тұрысы, айтқан сөзінен болашақ ұрпақтың қандай болатынын болжауға болады. Себебі қыз – ұлттың айнасы. Жаңа технология дамыған заманда көштен қалмай, жаңалыққа жабыла жармасқан жаңа ұрпақ өсіп келеді. Менің білім жүйесіндегі тәжірибеден түйгенім; біз дамыған елдердің озық технологиясын меңгерейік, тілінде үйренейік, мәдениетінен де хабардар болайық, бірақ тәрбие ұлттық рухта болуы керек. Сонда ғана өз ұлттық құндылықтарымызды бағалайтын қасиетті ұлы мекеніміздің иесін, басқаның жылтырағанына қызықпайтын ұрпақ өсіреміз. Ол көбіне аналарға байланысты деп ойлаймын. Біз ата-аналар өзіміз осыған лайықты болуымыз керек.

Талбесіктен жер бесікке дейін тәрбиені беруге міндеттіміз. Ұлды не толғандыратынын білу үшін дос, сырлас болуымыз керек. Олар жетістікке жетсе мақтап отыру керек. Тәрбиені өзімізден бастауымыз керек. Өзіміз телефонда отырып, оларға отырма деп айтамыз. Ұстазды тыңда деп алып, ұстазын жамандаймыз. Бала мен ата-ананың арасында сенім болса, бала өзі де ешнәрсені жасырмайды.

Елбасының «Халқымыздың басына түскен қандай да бір сынаққа қарамастан, біз тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы жасампаз істерімізді жалғастыра бермекпіз. Барша қазақстандықтың жұмған жұдырықтай бірлігінің арқасында біз алмайтын асу, біз жеңбейтін кедергі болмайды» деген сөзі бар.

Ассамблея жанынан құрылған барлық этно-бірлестіктер, Аналар мен ардагерлер кеңесі, жастар ұйымдары т.б барлық құрылымдар қоғамдық негізде ортақ Отанымызға деген шексіз патриоттық сезіммен жұмыс істейтінін айта кеткеніміз жөн. Бұл көп жылдарғы облыстық Ассамблеяның тиімді саясатының жемісі. Осы уақытқа дейін елді біртұтастыққа, бірлікке шақырудан шаршамай-талмай жұмыс істеуден жаңылған емес, әрі қарай да осы бағытта жалғастыра бермек.

Бүгінгі жастардың сапалы білім алып, рухани-мәдениетін қалыптастырудың қаншалықты маңызды екенін, бәсекеге қабілетті жастардан басталуы керек екенін әрқайсысымыз жақсы ұғынуымыз керек.

Біз жастарды мәдени және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге шақыру жолында қызмет етіп келеміз. Ұлттық болмысымыз арқылы келер ұрпаққа танымды тәлім беріп, әлемге қазақ елінің өзгеге ұқсамайтын өзіндік дүниетанымын дәріптеу. Ия, алда әлі талай істер, жарқын күндер күтіп тұр. Олай болса, мәңгілік еліміздің бесігін тербейтін аналарымыз көп болсын демекпін.

Куненова Пайза Сайлаубекқызы

Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының

Аналар кеңесінің өкілі

«Әулие Ата » қазақ мәдени орталығы

Leave A Reply

Your email address will not be published.