Жат елде қалған Нарбай атам

0 1

Ұлы Жеңіс -халқымыздың азаттық жолындағы Отан үшін жан алып, жан беріскен ерен ерлігінің үлгісін көрсетті. Бұл жеңіс оңай келген жоқ. Сұрапыл соғыс миллиондаған халыққа қайғы – қасірет әкелді.
Ұлы Жеңістің тарихы-жауынгерлердің өшпес ерліктерімен айқындалса, Ұлы Жеңістің құндылығы – өз Отаныңа шынайы берілу және қорғаумен орнығады. Бұл мереке әр кезде де батылдық пен ерліктің, қаһармандықтың символы, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшемі, ал ардагерлер, болашақ ұрпақтар үшін, егемен еліміздің тәуелсіздігін қорғаушылардың бәрі үшін жарқын үлгі болып қала бермек.
Мен бүгін түп нағашым — Нарбай Талдыбаев атам жайлы айтсам деймін. 1915 жылы Мойынқұм ауданы, Қосжыңғыл (қазіргі Қылышбай ауылы) ауылында дүниеге келген. Ата-анасы Талдыбай мен Нарбала ешкімге жалданбай өз күндерін көрген қарапайым жандар екен.
Нарбай ата Алматы облысындағы, Шамалған педагогикалық училищесінде оқып, туған ауылына келіп, «Қосжыңғыл» бастауыш мектебінің алғашқы басшысы болады. Ол соғыс ардагері Сабыр Ахметовпен төс қағысып, дос болса, соғыс ардагері Ахметәлі Жанғозиев, тағы басқа да аудандағы біраз ата-апаларға Нарбай атам ұстаздық еткен екен. Сол уақыттағы ұстаздар Іптілдә Құрамаев, Әлихан Есжанов сынды аталарымызбен де үзеңгілес, жолдас болғанын естіп, білдім.
Жаны жаңалыққа құмар, өзі де білімді, әрі еңбекқор атам ауылына алғаш патефон әкелген екен. 1938 жылы Анаркүл Қосымбетқызына үйленіп, 1939 жылы 17 қарашада әлі қырқынан шықпаған қызына Тазагүл деген есімді беріп, әскер қатарына алыныпты. Әскерде жүрген кезінде, соғыс басталып кетеді. 1943 жылдың соңына дейін, ауылға хат келіп тұрады. Сұрапыл соғыста жүріп, капитан шенін алады. Кейін хабарсыз кетті деген хабар келеді. Қызы Тазагүл апам қара қағаз келмеген соң, «әкем тірі» деп жан-жаққа іздеу салумен болады.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1999 жылы, 14-қаңтарда Шу қаласының әскери комиссариатынан, «1944 жылдың 16 ақпанында Белоруссияның Могилев қаласында ерлікпен қаза тапты, «Бауырластар зиратында» жерленген», – деген хабарлама қағазын әскери комиссар, подполковник Н.Сейітовтың қолынан алады. Ұлы Жеңіске небәрі 1 жыл, 3 ай қалғанда есіл ер көз жұмыпты. Соғысты көрмесекте, кітаптан оқып, кинодан көрдік, әже-апаларымыздан естідік. Естіген естелігімнің ең қымбатын — Ұлы Жеңіс мерекесіне орай жариялауды жөн көрдім. Бала күнімнен Тазагүл апам атам жайлы әңгімелегенде ыждаһатпен тындайтынмын. Сонда «Шіркін тірі болғанда, бір көрсем ғой» деп армандаушы едім. Апам әкесінің жолын қуып, ұстаздық етіп, зейнетке шыққан болатын. «Көкемнің қабіріне зиярат етуге барам»,-деп жүргенде үш жыл бұрын ауырып, бақилыққа аттанды.
Енді соғыс болмаса екен. Елімізде бейбітшілік пен тыныштық орнасын. Ешкім жат елде қалмай, өз отбасы, өз Отанында бақытты өмір сүрсін.

Алуа Үмбетқұлова

Leave A Reply

Your email address will not be published.