Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен Мақтааралға гуманитарлық көмек жөнелтілді

0 0

Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен ағымдағы жылдың 11 мамырында  «Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері және Қордай ауданының Масаншы, Ауқатты, Сортөбе және Бұлар батыр ауылдарындағы дүнген этнос өкілдерінің кәсіпкерлері мен тұрғындары су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданы тұрғындары мен қиын жағдайда қалған азаматтарға қолдау білдіру мақсатында гуманитарлық көмек жөнелтті , деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Қайырымдылық жасау және қандай уақытта да болсын көмек көрсету Қазақстан халқы Ассамблеясының басты бағыттарының бірі саналады.

Көршілес облысқа аттанған үлкен жүк көлігіне 5 млн. 500 мың теңге көлеміндегі қаражатқа 11 тонна ұн, 2,5 тонна қант, 2,5 тонна күріш, 1,5 тонна макарон өнімдері, 1500 литр өсімдік майы, 5,3 тонна картоп, 500 кг пияз, 300 кг ас тұзы, 1000  дана қораптағы шәй және киім-кешек пен тұрмыстық заттар бар.

Жамбыл өңірінде 87 этнос және этникалық топтардың өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Барлығы осы киелі жердің төсінде, құшағын жайған елдің ішінде ел бірлігін қамтамасыз етіп, сақтап қалуға атсалысуда! Осы аталған гуманитарлық көмек осының дәлелі.

 Қазақстан халқы ассамблеясының ұйытқы болуымен атқарылған игі іске қолдау білдіріп, көмек қолын созған барлық азаматтарға алғыс білдіремін.

Мақтаарал тұрғындарына сабырлық пен күш қуат тілеймін. Әлі талай жақсылықтардың куәсі болатынымызға кәміл сенемін. Біз Сіздермен біргеміз!

«Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Идыбо Айша Люшировна

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.