Таластықтар үй іргесіндегі жерлерін тиімді пайдалануда

0 7

Талас ауданының Үшарал ауылында тұрғындардың тұрмысын жақсарту пилоттық жобасы оң нәтиже беруде. Өйткені мұндағы тұрғындар атакәсіпке білек сыбана кірісіп, несиеге алған малдарын күтіп-баптап, тіпті үй іргесіндегі жерлерін тиімді пайдалануда , деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Мәселен, қанат қақты жобаның үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану бағыты бойынша 326 ауланың 300 ауласы қамтылған. Бүгінгі күні 122 аула үй іргесіндегі 15 гектар жерге картоп (8,3 га), қызанақ (1 га) және қияр (1 га) дақылын отырғызған. Сондай-ақ, үй іргесіндегі бос жатқан жерлерді игеру мақсатында 19 құдық қазылған.
Ал, тұрғындардың ауыл сыртындағы жерлерін тиімді пайдалану бағытында 30 млн. теңге қаржы бөлініп, қазіргі уақытта 510 гектар егістік жердің 480 гектарына дәнді масақты дәнді дақылдар мен көпжылдық шөп егілген.

Сонымен қатар, ауылдық округте жалпы құны 8,2 млн. теңгені құрайтын 10 соттық жылыжайдың құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, округте құрылған «Талас-2020» ауыл шаруашылығы коопертиві өз қаражаты есебінен қосымша 10 соттық жерге жылыжай салуды жоспарлап отыр. Жылыжайға қызанақ және қияр дақылдары қыркүйек айында егу көзделген.
Үшаралда мал басын арттыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Жобаның мал шаруашылығын дамыту бағытында 193 тұрғынға 1886 бас мал сатып алу үшін 490,4 млн. теңге несие берілсе, 182 тұрғын 401,5 млн. теңгеге 1807 бас мал (398 бас МІҚ, 575 бас жылқы, 834 бас ұсақ мал) сатып алған.
Биылғы жылы округтегі қосалқы шаруашылықтарға кедергі болып отырған бірқатар мәселелерді шешу мақсатында құрылған «Талас-2020» коопертивіне 114,6 млн. теңгені құрайтын 18 дана әртүрлі ауыл шаруашылығы техникалары берілсе, қазіргі кезде бұл техникалар толықтай дерлік жобаның бірінші және үшінші бағыттары бойынша жұмыстарға жұмылдырылған.
Өз кәсібін ашамын деген тұрғындарға да қолдау көрсетілуде. Мысалы, жобаның ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бағытында 4 млн. теңгеге 1 жоба (наубайхана) қаржыландырылып, ағымдағы жылдың 21 наурызынан бастап наубайхана іске қосылған. Наубайхана тәулігіне 200 бөлке нан мен басқа да нан өнімдерін пісіріп, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандырып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.