Әлия Молдағұловамен майдандас болған қазақ

0 1

Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығын тойлаудамыз. 1418 күн мен түнге созылған сол сұрапыл соғыста қаншама боздақ  жанқиярлықпен қаза тапты, қаншама есіл азаматтар хабарсыз кетті? Туған жеріне аман-есен келгенімен аяқ қолынан жаралы
болып оралғандар да аз емес. Арада соншама жылдар өтсе де, соғыс зардабы салған жаралар жазылар емес. Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер Асылбеков Әли атамыз туралы айтуды жөн көрдім. Ол 1921 жылы Мойынқұм ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. 1942 жылдың қыркүйек айында әскер қатарына алынып, Алматы қаласында жасақталған 101-атқыштар бригадасының құрамымен Көкшетау қаласына барады. 9 сыныптық білімі болғандықтан қаладағы жаңадан ашылған полктік училищеде білім алады. Кіші командир атанып, партия
қатарына қабылданғаннан кейін Новосоколинск қаласындағы әскери бөлімшелердің біріне келіп, генерал Панфиловтың дивизиясының құрамына енеді.
Көп ұзамай Новосоколинск қаласын азат етуге қатысып, асқан ерлікпен көзге түседі. Бұдан кейін Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысып, онда қазақтың батыр қызы — Әлия Молдағұловамен бір ротода болады. Казачиха селосы үшін болған соғыста екеуі
де ауыр жараланып, №4112 әскери госпитальна түседі. Осы шайқаста көрсеткен ерекше ерліктері үшін Мәскеуден арнайы келген полковник Г.Беляев үш жауынгерге есімдері жазылған үш миноментті сыйға тартады. Әли атаға берілген № 680 миномент
бүгінгі таңда Мәскеудегі Қарулы Күштер музейінде әлі күнге дейін сақтаулы тұр.
Гвардия аға сержанты атанған Ә.Асылбеков госпитальдан шығысымен майданға қайта кіреді. Сөйтіп жауынгерлік білгірлігі, тактикалық шеберлігі, өжет ерлігі бағаланып, минометшілер ротасының партия ұйымын басқарады. Арнайы қару алған үш
жауынгер үш айдың ішінде 6000- нан астам снаряд атып, жаудың 6 станокты пулеметін, 8 қол пулеметін, 2 миномент батареясын, 4 автозеңбірегін, 2 артиллерия және көптеген адам күшін жойып жібереді. Осындай ерліктері үшін екінші және үшінші
дәрежелі «Даңқ», «Қызыл ту», «Қызыл Жұлдыз», 1-2 дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, сегіз жауынгерлік медальдарымен марапатталады. Сол кездегі Мәскеуден шығатын «За Родину» газетінің 1945 жылғы № 5, 24 сандарында соғыс ардагері туралы мақалалар жарияланыпты. 1946 жылы елге оралып, бейбіт
күндерде де берекелі еңбек басынан табылады. Ол кісі есеп – санақ басқармасында инспектор, аудандық қаржы бөлімінде аға инспектор, экономист, аға зоотехник, Амангелді атындағы колхоз басқармасының төрағасы, Фурманов атындағы совхозда
есепші, директордың орынбасары, Көктерек сауда кооперативінде басшылық қызметтерді атқарып, абыройға бөленген. Болашақ ұрпақ тәрбиесіне байланысты оқушылармен болған басқосуларда соғыс туралы шешіле сөйлеп, оның зардаптарын, бейбіт өмірдің бағасын әсерлі жеткізіп отырған. Әли атаның еңбегі бағаланып, аудан
орталығынан бір көшеге есімі берілді. Зайыбы Шәкен апа екеуі 2 ұл, 7 қызын тәрбиелеп өсіріп, жоғары білім алуларына жағдай жасады. Балалары бүгінде әр салада
абыройлы еңбек етіп жүр. -Әкеме Ұлы Жеңістің 40 жылдығын көруді тағдыр жаз￾бапты. 1983 жылы 62 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Батыр атағы берілмесе де соған пара – пар аудан бойынша екіақ адам болған. Бірі — менің әкем болса, екіншісі Мұқаш Нұрманбеков екен. Әке рухына деген перзенттік парызым ретінде әрі жерлестерінің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында ауыл
ақсақалдары менің ұсынысымды қолдай отырып, бір көшеге Әли
Асылбеков есімін берді. Бүгінде ерлігі санамызда жаңғырып, оған деген сағыныш пен құрметім арта түседі, — дейді батырдың есіміне берілген көше тұрғыны, қызы
Гүлжаһан Асылбекова.

Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА,
«Мойынқұм таңы».
Мойынқұм ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.