Жуалыдағы 15 ауылға ауызсу, 7 елді мекенге газ тартылады

0 1

Биыл Жуалы ауданындағы 15 ауылға ауызсу, 7 елді мекенге газ тартылады. Нұрлыкент ауылында 200 орындық мәдениет үйі бой көтереді. Сондай-ақ 1200 басқа арналған сүт фермасы салынуда. Бұдан өзге мемлекеттік бағдарламалар бойынша 38 жоба жүзеге асырылуда. Оған 4,6 миллиард теңге бөлінген, — деп жазады «Zhambylnews» АА.

Ағымдағы жылы Жуалы ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында ауыл тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Құны 178 млн.теңгені құрайтын жобаны «Байсын-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Су құбырының ұзындығы 14 шақырымды құрайды.

Осындай жоба Жұрымбай ауылында да қолға алынған. Сумен жабдықтау құрылысының нәтижесінде 400-ге жуық ауыл тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізбек.
Жалпы аудан бойынша биыл барлығы 15 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Бұдан бөлек, биыл аудандағы жеті ауылдық елді мекен газдандырылады. Бұл бағыттағы жұмыстарды мердігер ұйым «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС жүзеге асыруы көзделген. Осы тұрғыда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 1,4 миллиард теңге қарастырылған.

Сондай-ақ, аудандағы Шымбұлақ, Майбұлақ, Космұрат, Кәріқорған, Қоңыртөбе және Күреңбел ауылдарына да көгілдір отын тартылатын болады. Нәтижесінде аймақтағы тұрғындарды газбен қамту деңгейі 75,5 пайызға, сумен қамту 71,5 пайызға жетпек.
Тек әлеуметтік сала емес ауданда ауылшаруашылығы саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жуалыдағы мемлекеттік бағдарламамен жүзеге асырылып жатқан жобаның бірі-сүт фермасы. 1200 бас сиырға арналған сүт фермасын салып жатқан «Гамбург» ЖШС.

Шаруашылық жетекшісі Егор Кохтың айтуынша, ферма ең озық автоматтандырылған қондырғылармен жабдықталатын болады. Ол екі операторға 4 сағат ішінде 1000 бас сиырға дейін саууға мүмкіндік береді.

Жалпы, бүгінгі таңда серіктестіктің 1,8 мың бас ірі қарасы бар. Кәсіпорынның жемшөпке қажеттілігін қамтамасыз ететін өзіндік жем базасы да құрылған. Жоба құны — 1,8 миллиард теңге.

Аталған жоба аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етпек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.