31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

0
168

31 мамыр – бүкіл елдің көкірегі қарс айырылып, бір сәт күрсінетін күн. Өлгенге иман, өткенге салауат тілейтін күн.

Жамбыл облысының Сарысу ауданы 1928 жылы 3 қыркүйекте Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қазақстанда көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарды белгілеу туралы» Қаулысына сәйкес құрылған.

1928 жылғы Қазақстанда өткізілген ірі байларды тәркілеу және 1932-1933 жылдардағы қолдан жасалынған ашаршылық салдарынан Сарысу өзенінің бойында отырған ел Қаратау бойына қарай шұбырған. Тарихи деректер бойынша Жаңаарқа ауданындағы Сарысу өзенінің бойынан үдере көшкен алты мыңнан аса шаңырақтан екі-ақ мыңдайы арып-ашып, Қаратау алқабына ілікен.

Мақала осы Сарысу өзенінің бойынан Қаратау өңіріне қарай шұбырған нәубетті, тәркілеу мен жаппай-қуғын сүргінді өз көзімен көрген, жас болса да сол бір зұлмат заман көкірек көзінде жатталып қалған, көзі тірісінде Ақтоғай ауылының «Әнтә апасы» атанған Жексенқызы Алтынсары шешемізге арналады.

Апам! Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, бар тапқанын аузымызға тосқан асыл Ана!  Біз шешемізді «апа» деп атадық. Шешеміз Жексенқызы Алтынсары бетті, бетің бар, жүзің бар демей туралыққа баратын, ақынжанды кісі болған. Таманың

Кедей атасының Қазанғап ұрпағынан. Қазанғап ұрпақтары арасынан Кедей атаның ғана емес, жалпы Тама ішінде және Арқа өңірінде ықпалы зор, батыр, би, болыс, сал-сері болған кісілер көп шыққан. Қанайұлы Қазанғап Тамадан шыққан ықпалды, шешен, бай, беделді кісі болған.

Қазанғаптың балалары Апақ, Бапақ, Сапақ өз уақытында Арқа өңірінде ықпалы зор, билік айтқан, салтанатын түзеген, парасат көзі кең кісілер болған екен. Тарихта балаларының ұйымдастырумын үш жүзге сауын айтылған «Қазанғаптың асы» өткендігі белгілі. Асты көзі тірісінде ұранға айналған, үш жүзге аты мәлім тура би атанған, көрегендік, сәуегейлік қасиеттері ерекше, ұшқыр ойдың иесі болған Ерубай би басқарған. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.

Қазанғаптың баласы Сапақтан – Майшора, Есеншора, Құрманбай, Жұмабек туады. Апам Майшораның немересі. Майшора сал-сері, суырып-салма айтыскер кісі екен. Атам «Серілікпен қыз-келіншектерге құйқасына үкі таққызған екен» деп отыратын апам жарықтық. Майшорадан Жексен, Жексеннен Алтай мен Алтынсары туады.

Майшораның інісі Есеншора Тамадан шыққан батыр, әрі болыс болған. Арқада Сарысу өзенінің бойында алғаш Тама болысы құрылғандағы алғашқы болыстың бірі — Есеншора батыр. Кейін болыстық Қазанғап ұрпағына қайта келген кезде Кеңес өкіметі орнағанға дейін болыстық Қазанғап тұқымдарында болған.

Есеншорадан Мыңжан – Өмірбек — Кеңесбай, Кеңесбайдан бар қазақтың мақтанышына айналған, данқты боксшы Серік Өмірбеков туады.
Есеншораның баласы Мыңжан әкемізді бала күнімізде көзіміз көрді. Денелі, түсі суық, шойдай қара кісі еді. Төмен қарап отырғанда қабағы көзін жауып отырады. Болыс болған. Кеңес өкіметі орнап, болыстарды, байларды ұстап, қамап жатқанда оны да ұстап, тірдей жерге көмген екен – дейтін апам.

Жұмабектің балалары Нұрқан, Иса, Әлілер Арқа өңірінде бай, көзі ашық, ықпалды кісілер болған. Қазанғаптың баласы – Апақтан – Мыршым – Түсіп – Қордаш, Жақан – Жақаннан өнер зерттеушісі, композитор, Қазақстан Республикасы мен Қырғызстанға енбегі сінген мәдениет қайраткері Илья Жақанов ағамыз туады.

Қазанғаптың баласы – Бапақ биден – Мақажан болыс, Ібіжан болыс – Ібіжан болыстан Жақыпбек – Жақыпбектен мемлекет және қоғам қайраткері, Шығыс Қазақстан облысында бірнеше аудандарды басқарған айтулы азамат Ақаш Жақыпбеков, ғалым, оқытушы ағамыз Жақыпбеков Мұқаш ағалар туған. Мақажан бай туралы Алаштың ардақтысы С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында айтылған. С. Сейфуллин Омбы түрмесінен қашып, Бетпақдала арқылы Шуға, одан әрі Әулиеатаға өткен кезінде көмек қолдарын созған, сыйластыққа болған.

Кеңес өкіметінің орнауымен қатар келген зобалаң, байларды тәркілеу, ит-жекенге айдату, ашаршылықтың зардабы бұл атаға да үлкен қасіретін ала келген.
Қазанғаптың немересі Жұмабектің балалары Нұрқан, Иса, Әлілер «халық жауы» деп ұсталынып кеткен. Сол кеткеннен хабар-ошарсыз кеткен, сүйектерінің қай жерде қалғаны да белгісіз. Кейін белгілі болғандай, шолақ белсенділердің көрсетуімен, үштіктің үкімімен сотталып, айдалып кеткен.

Апамның ағасы Алтай, Жұмабектің немересі Исақ аталарымыз ашаршылық пен қуғын-сүргіннің кезінде жан-жаққа қашты.  Жазалаушы жүйе ол кезде еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де, болмысы нәзік әйелді де аямаған.

Апамның естелігінен: «Байларды тәркілеп, малдарын тартып алып, өздерін қуғын-сүргінге ұшыратып жатқан кез болатын. Тәркілеудің арты ашаршылыққа ұшырата бастады. Мен сол кезде 10-11 шамасында едім. Күнін көре алмай қайналып жатқан, аштан қырылып жатқан үйлердің балаларын интернат үйлеріне алып кетіп жатты. Қуғын-сүргінде ұсталып кетсек босқа өліп қалады деп ойлаған болу керек ағам Алтай мені және ағайын болып келетін немере туысқандарымыздың балаларымен бірге Әулиеатаға интернат үйіне бір ағайынға «орналастырып кел» деп қосып жіберді. Арбаға мінгелі жатқанда ағам «Ол жақта да, жағдай оңып тұрған жоқ деп естідім, бара көрерсің, жүрген жолыңды бағдарлап отыр, қиналсаңдар интернаттан қашып шығып кетуге тырыс» — деді.

Әкеліп орналастырған жерден адам шошиды. Интернаттың дәлізінен адам аяқ алып жүре алмайды. Әр-әр жерде ыңырсып, құлап жатқан, әбден аштық өтіп кеткен балалар. Балаларға берілетін тамақта мардымсыз. Ұн салып қара суға қайнатқан атала. Оның өзі жетпейді. Көбісі ауырып өліп жатыр. Аш балаларға іш ауру (тырысқақ) араласқан. Мына сұмдықтан кейін қашуды ойладық. Біз елден кеткелі де біраз уақыт болған. Бір күні екі немере інімді ертіп интернаттан қашып шықтым. Біраз жүріп бір арбаға ілестік. Бірде отырамыз, бірде жаяу жүреміз. Бір ауылдың қасынан қалдырып кетті.

Арба басқа жаққа қарай бұрылатын болды. Кейіннен білсек ол ауыл қазіргі Қаракемердің жаны екен. Қарнымыз аш. Мен ер баланың әлсіз болатын сонда көрдім. Жолда кездескен үйлерден нан, тамақ сұраймыз. Ешкім бермейді. Кейбір жаны ашығандар жеуге бірдеңе береді. Әбден аштық пен жолды көтере алмай ер баланың біреуі жолда өлді. Жолай бір аттылы, түйелі, арбалы кісілерге ілесіп, Шу бойына да жеттік. Арада қаншама азапты күндер мен түндерді сөзбен айтып жеткізу оңай емес.

Ол кезде Арқадан Шуға, Шудан Әулиеатаға қарай Арқадаға ел келіп, кетіп жүретін. Шу бойында біраз адам менің Алтайдың қарындасы екенімді білді. Арқаға жүріп бара жатқан кісілерден Алтайға сәлем жолдап, менің тірі екендігімді және бізді алдағы күндердің бірінде жүретін кісілерге қосып жіберетіндігін айтты. Жолға да шықтық. Бетпақдаланың ұшы-қиыры жоқ. Жаяу жалпылап, біресе түйе үстіндегі күрке тәрізді қомдалған кигізге отырып жүріп келеміз. Қанша жүргеніміз белгісіз, бізге кездескен бір кісілер Арқадағы Алтайға хабардың жеткенін және бері қарай жолға шыққанын айтты.

Біраз күндерден кейін оларға да жолықтық. Ағам мені көре салып «Бауырым-ай, тірі екенсің ғой, енді қасымнан тастамаспын» деп еңкілдеп жылап кеп құшақтады. Бізден еш хабар болмағаннан кейін «өліп қалды» деген екен.

Біз интернатқа өткізгеннен бері жылға жуық уақыт өткен екен. Арқаға келгеннен кейін аштық одан сайын үдеді. Жағдай тіпті қиындап кетті. Өкімет орта шаруаларға дейін малын тартып алып жатыр. Ел нағыз аштыққа енді ұрынды. Аштан өліп жатқандар қаншама. Қолында мүмкіндігі барлар үй-жайларын тастап басы ауған жаққа кетіп жатыр.

Бізде жиналып, Бетпақдалаға қарай жолға шықтық. Негізгі бағытымыз Бетпақдала арқылы, Шуға жету. Біз шұбырған адамдарға жақындамай жүріп отыруға тырыстық. Кешке қонған жерімізде жүк артқан түйе мен аттарды, қойларды қоршап, ұйықтамай жатамыз. Жолды торып жүрген аш адамдар, «адам жегіштер». Біз көбінесе ешкімнің көзіне көрінбей, түнде жүруге тырыстық. Сол кезде Құрақбай емшекте. (Құрақбай Алтайдың баласы). Біресе арбаның үстінде жеңещем ұстайды, шаршаған кезде мен ұстаймын. Бала қарны ашып жылайды. Емгісі келеді. Тоймайды. Өзі аш адамнан қайбір сүт шығады. Баланың жылаған дауысын қатты шығармауға тырысамыз. Маңайда жол торып жүргендер, аш адамдар баланың дауысын естіп қойса шабуыл жасап, күш-көлікті, малды тартып алуға бар-ды.

«Мал ашуы – жан ашуы» деген, Құрақбай жылағанда, өзі сақтықпен әрең дегенде Бетпақтың азабын тартып келе жатқан Алтай «Баланы жылатпаңдар!» деп айқайлайды. Жеңещем екеуміз Құрақбай жылаған кезде шапаныммен орап, басып, дауысын шығартпауға тырысумен болдық. Сөйтіп, Бетпақтан да өтіп, Шу бойына да жеттік.

Бізден басқа бірін-бірі жетелеп, балаларын арқалап келе жатқандары қаншама. Аш-жалаңаш, жаяу-жалпылап келе жатқандардың көбі шөл далалы ұзақ жолда шөлден, аштан қырылды. Көбінің үй-мүліктері, төсек-орындары, киім-кешектері Сарысу өзенінің бойында, Бетпақдаланың үстінде қалды.

Шу бойында тұрақтап тұру оңай болмады. Ендігі бағытымыз Жалдың құмынан өтіп, қазіргі Аса ауылының жанындағы Көлқайнарға жету. Ол жеңещемнің ауылы. Алтайдың қайын жұрты. Ол жерде біздегідей зобалаң жоқ, әзірге тыныш деп естігенбіз.

Сөйтіп, Жалдың құмы арқылы қиын күндерді бастап өткеріп Көлқайнарға да жеттік.
Ашаршылықтан кейін, жаппай қуғын-сүргін басталды. Адамдар жеке пікір айтқаны үшін «халық жауы» атанып, қудалауға түсті. «Халық жаулары» ұсталып жатты. Адам адамнан қорқып, бірінің үйіне бірі кірмейтін болды. Бірінші кезекте байдың тұқымдары қудаланып, қашқандары іздестіріле бастады. Ұсталғаны айдалып, кетіп жатты.
«Бұдан өткен қасірет, бұдан өткен зұлымдық бола ма? Құдай мұндай зұлматты енді көрсетпесін» — деп отыратын апам.

Әрине, бұл әңгіме апамның жүрегіне жазылып қалған кітаптың үзіндісі.

Осылайша, Кеңес өкіметінің солақай саясаты бұл атаға да қатты әсер етіп, байлар бірінен соң бірі ұсталынып, қудаланған. Қуған-сүргін, ашаршылық кезеңінде Қазанғап ұрпақтарында шайқалмаған шаңырақ, қуғындалмаған ағайын кемде-кем.
Қазір Көлқайнар ауылында «Алтайдың базы» деп аталып кеткен қора-жайдың орны әлі бар.

Апамның әкесі Жексен, ағасы Алтай өнерге жақын, суырып салма айтыскер адамдар. Апам да беріге дейін айтысатын. Қиыннан қиыстырып өлең шығарып, мәнерлеп сөйлеп, сөз саптағаны өзгеше болатын.

Апамды Кедей атаның барлық балалары, ауылдағы ағайындардың бәрі «Әнтә апа» деп атайтын. Апам ерке, бұлаң өскендіктен ба, өзіне жақпаған, тілін алмаған, айтқанын істемеген, атын атаған жеңгелерін ағаларына ұрғызады екен, немесе өзі ұрады екен. Оны апамның жеңгелері Бәлкен апа ( Илья Жақанов ағамыздың шешесі), Қалдығыз апа, Разия апа, Күрішбала апа (Исақов Қайраттың апасы) айтып отыратын. «Әнтә қыз» не істемеді, ағаларымен шағыстырып, талай таяқ жегізген» — деп.

Кейін өздері бас қосқанда осыларды айтып, күліп отыратын. Ешқандай ренжу жоқ, қайынсіңілінің еркелігін көтере білген қайран Апалар-ай дейсің!

Мен ес білгелі білетінім, апам ауылдағы түрлі шараларға, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын. Ел ішіндегі, ағайын арасындағы туындаған даулардың, түйткілді мәселелердің оң шешілуіне ықпал ететін. Туралыққа баратын, әділдігіне жүгінетін. Сондықтан да, ауыл сыйлайтын. Келіндер тәрбиесіне, жастар тәрбиесіне аса қатты мән берді. «Жаңатас» совхозында ширек ғасырға жуық директор болған Ақбаев Ақатай ағамыз да «Әнтә апа біледі», «Әкпем біледі» деп, апамның айтқанын тыңдап, ақылына жүгінетін.

Апамыздың қариясы Салыбаев Тілеміс әкеміз Ленин орденді, соғыс ардагері, әкеміздің інісі Салыбаев Бектеміс әкеміз Социалистік Еңбек Ері, соғыс ардагері болған. Бұл кісілер туралы «Бір ұядан ұшқан қос қыран» атты мақаламда кеңінен айтылған.
Апамыз жайлы естеліктерді, ел арасында айтылып жүрген әңгімелерді, ойымызды, айтып тауыса алу мүмкін емес. Алда әлі талай естеліктер, мақалалар жазылар, дегенмен бұл естелік апамызға деген сағыныштан туған, судың тамшысындай ғана ескерткіш болсын!

Сонымен қатар, апамыз арқылы кешегі зобалаң заманның шерлі шежіресінен сыр шерткен бұл естелік мақала кейінгі ұрпаққа сабақ, тағылым, тарихқа мінәжат, Сарысу өзенінің бойында, Бетпақдалада, Шу бойында атаусыз, көмусіз, кебінсіз қалған ата-баба рухтарына тағзым болсын!

Асан Тілемісов,
Сарысу ауданы

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here