Бердібек Сапарбаев азаматтарды онлайн-қабылдау өткізді

0 3

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау кестесі бойынша бейнеконференция режимінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, — деп жазады «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онлайн қабылдау барысында облыс әкіміне Қордай ауданының тұрғындары жүгініп, инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысына қатысты мәселелерін алға тартты.

Айталық, Саламат Молдажанов өзінің туған ауылы Отарды табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Бердібек Сапарбаев бұл мәселені шешу үшін тиісті шаралар қабылданып жатқандығын айтты.

Бүгінде Отардағы автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайын. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы ҚР Энергетика министрлігіне республикалық бюджеттен қаражат бөлу үшін бюджеттік өтінім жолдаған.

Станция ашылғаннан кейін Отар қаласын ғана емес, жақын маңдағы 11 елді мекенді де газдандыру жоспарлануда.

Сондай -ақ, жеке мәселесімен жүгінген, Қордай ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Раушан Қожамқұлова баспана алуға көмек сұрады.

Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, бүгінде кәсіпкерлер асар дәстүрін белсенді қолға алып, көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға қол ұшын созуда. Олардың қолдауымен бүгінде бес көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде десек, ол осы жылдың қыркүйегінде аяқталмақ. Облыс әкімі жаңа пәтерлердің бірінің кілтін бірінші болып осы отбасы алатындығын айтып, көп балалы анаға қуаныш сыйлады.

Өңір басшысы қабылдауға жазылған барлык азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдап, бірқатары бойынша түсіндірулер жүргізіп, тиісті мемлекеттік органдарға мәселелерді қолданыстағы заңнама аясында шешуге көмектесуді тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.