Биыл Әулиеата өңірінде өндірілген мәрмәр Қытайға экспорттала бастады

0 0

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Мирный ауылында өндірілген сапалы мәрмәр тастары биыл Қытайға экспортталуда. Бұл аймақ басшысының аталған ауданға жұмыс сапары барысында белгілі болды, — деп жазады  “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Мирный ауылында орналасқан «Оргстрой» кәсіпорыны осыдан 3 жыл бұрын үдемелі индустриалды инновациялық дамыту бағдарламасымен іске қосылған болатын. Содан бері  Ресей мен Өзбекстанға экспортталатын гранит блоктары мен граниттен жасалған бұйымдарды шығарады. 2020 жылы алғаш рет кәсіпорын өнімі Қытайға экспортталды. Компанияның 2028 жылға дейін табиғи гранит өндіру бойынша бес келісім-шарты бар.

Cеріктестігіміз 1993 жылдан бері жұмыс істейді. Соңғы жылдары кәсіпорынды жаңғырту жұмыстарына 1 миллиард 700 миллион теңге инвестиция тартылды. Биыл гранит кесуге арналған екі бірдей жаңа цехты іске қостық. Алғашында шикізатты алуда жару әдісі қолданылып келген еді. Оның салдарынан жердің гранитті қабатына орасан зор нұқсан келетін. Тіпті шикізаттың 30-40 пайызы пайдалануға жарамай да қалатын. Ал қазіргі қолданыстағы технология өте тиімді, әрі мұндай шығынға жол бермейді, – деді компания директоры Серік Әділбеков.

Бүгінгі таңда түрлі-түсті табиғи гранит кен орындарының сегіз карьері жұмыс істейді. Компания көптеген құрылыс компанияларымен тығыз байланыста және Түркістан қаласындағы құрылыстарға гранит өнімдерін басты жеткізуші болып табылады. Мәселен, Мойынқұм гранитімен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Түркістан облысы әкімдігінің алдындағы алаң әрленді. Сонымен қатар жергілікті гранитті еліміздің басқа да ірі қалаларындағы түрлі нысандардан кездестіруге болады.

Сондай ақ «Оргстрой» ЖШС Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы мәрмәр өндірісін жаңғыртпақшы. «Жаңа технология бойынша жаңғырту мен өндіру» жобасының құны  256 млн теңге.

Айта кетейік, өндірістің қуаттылығы жылына 10 мың текше метрді  құрайды. Кәсіпорын  1993  жылы құрылған.  Негізгі қызметі мәрмәр өндіру және оны өңдеу. Негізгі тауары – Желтау кен орнының мәрмәрінен әзірленген блоктар, сондай-ақ қабырға блоктары, тақтайшалар, бордюр.

Аталмыш кәсіпорын алдағы уақытта да оң нәтижесін береді деп күтілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.