Жамбылдағы ет комбинаты Дубайға 60 тонна қой етін жіберді

0 9

Жамбыл облысы Меркі ауданында орналасқан «Меркі ет» комбинаты Дубайға ет өнімдерін экспорттауда. Қазірдің өзінде кәсіпорын 60 тонна қой етін жөнелткен. Сапалы өнімге сұраныс да артып келеді,-деп жазады  “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

«Меркі ет»комбинаты бүгінгі күнде облысымызда мал сойып, ет өндіріп жатқан бірден-бір ірі кәсіпорын. Өнімі тек өз елімізден ғана емес, өзге мемлекеттерден де тұрақты тұтынушысын тауып отыр.

– Бұл жас мал еті Дубай мемлекетіне жіберілмек. Жақында ғана 60 тоннасын экспорттадық. Бізден импорттап жатқандықтан олардың қояр талаптары да үлкен. Оның үстіне сапасы дұрыс болмай, еліміздің атына кір келмес үшін де барынша тырысамыз. Сондықтан, өнімді мұқият дайындап, сенім үдесінен шығуымыз керек, – дейді комбинаттың вице-президенті.

Бірнеше жылдан бері Бахрейн мен Иран сияқты мұсылман елдері көп жыл¬дар¬дан бері осы комбинатпен тығыз қарым-қатынас орнатып, тұрақты серік¬теске айналған.
– Шетелдіктер халал еттің өзін мұқият таңдап алады. Талғамдарынан шыққан болуымыз керек, Бахрейн мен Иран бізге үзбей тапсырыс беріп келеді. Биыл Дубай қосылды. Өткен жылы 214 тонна ет жібергенбіз. Биыл көлемді арттырдық,-деді комбинат директоры.

Кәсіпорын жыл аяғына дейін экспортты 1 000 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлауда. Негізі, комбинаттың күніне 1 000-1 500 қой, 250-300 ірі қара малын союға мүмкіндігі бар. Алайда, ол мүмкіндіктің әзірге тек 30 пайызы ғана пайдаланылып келеді. Оған біріншіден, нарықтағы сұраныстың көбеймеуі, екіншіден, әкелінетін малдың аздығы себеп болып отыр екен.

Өндірісіміз толық қуатына шығу үшін бізде шикізат қоры жеткілікті болу керек. Шыны керек, біз өзгенің малына тәуелді болып отырмыз. Егер ұзақ мерзімге берілетін 4 пайыздық несиеге қолымыз жетсе, енді кім малын әкелер деп күтіп қалмас едік. Мемлекеттік қолдаумен қаржылай несие алып, өзімізге мал қорын жинасақ деген ойымыз бар. Оның үстіне комбинаттың құрылғанына біраз жыл болды. Кезінде озық үлгіде болған техникалары мен құрылғылары да ескіре бастады. Мемлекет қолдау көрсетсе, алдыңғы қатарлы өңдеу кәсіпорындары сияқты жаңғыра түссек дейміз. Өйткені, бүгінгі талап жаңаша жұмыс істеуді міндеттейді. Одан бөлек, шарт бойынша жоғарыда аталған мемлекеттер тек сапалы ет алады, – дейді Сұлтан Әлиасқаров.

Leave A Reply

Your email address will not be published.