Сапаға айрықша көңіл бөлінуі қажет- Сәкен Арубаев

0 0

Жамбыл ауданы әкімі Сәкен Арубаев аудандағы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының жай-жапсарын назарға алып, Гродекова, Полатқосшы ауылдық округтеріне барды, — деп жазады “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

— Тұрғындардың әлеуметтік желіде Гродекова көшелеріне төселген асфальт жабындысын сынға алғанын байқап, осы жағдайды өз көзіммен көрсем деп отырмын. Қазір халықтың өзі ауданымызда атқарылып жатқан кез келген ілкімді істерден хабардар. Бір қуантары асфальт жабындысы төселсе де, ғимараттың іргетасы қаланса да, ауызсу, газ құбыры тартылса да жергілікті азаматтар суретке түсіріп, кемшілігі болса оны айтып, бізге қайырылып жатады. Құптарлық іс емес пе?! Ауданды көріктендіруге бірге атсалысуымыз қажет, – дейді аудан әкімі.

Сәкен Қаланұлы алдымен Жалпақтөбе көшесінде бой көтергелі жатқан ауылдық мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Одан соң, Полатқосшы ауылындағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан ғимараттың ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстарын барлады. Аталған ғимаратқа ауылдық полиция бөлімшесінің мамандары орналаспақ.

Тараз қаласына жақын орналасқан Ақбұлым, Қызылқайнар, Қарой, Гродекова, Бесағаш ауылдық округтеріндегі учаскелік полиция инспекторларының ортақ тұрағы болатын бұл нысанды «Adal ST Stroy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алды. Көлік тұрағы бар, жұмыс бөлмелері кең. Аудандық бюджеттен 6 млн теңге бөлінді. Көп ұзамай тәртіп сақшыларының игілігіне берілетін болады, – дейді округ әкімі Ержан Данаев.

Бұдан кейін аудан әкімі Гродековадағы 4 млн 300 мың теңгеге салынған ашық спорт кешенінде болып, округтегі көшелерді аралады. Округ әкімі Болат Қожабековтың сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда ауылішілік көшелердің басым көпшілігі асфальттанған.

Айта кетейік, округте 22 көше бар болса, оның 15-іне мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жол жабындысы төселген.

Сондай-ақ, аудан әкімі Қызыл Дихан ауылындағы Жамбыл көшесіне төселіп жатқан жол жабындысының қалыңдығы мен енін тексеріп, округ әкіміне әр көшені бақылада ұстау керектігін, сапаға айрықша көңіл бөлінуі қажет екенін атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.