Тараз қаласында Абай күні аталып өтуде

0 58

Мемлекет басшысының шешімімен биыл, Абайдың 175 жылдығында Қазақстанда 10 тамыз – Абай күні деп белгіленген болатын. Осыған орай бүгін Тараз қаласында Абай күні аталып өтуде, — деп жазады «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.

«ҚР мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына толықтыру енгізіліп, «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 53, 343-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін: көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі: мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын: «22-1. Абай күні – 10 тамыз» делінген болатын.

Осыған орай таңғы 9 дан бастап өңірдегі Абай ескерткішінің маңында ақын шығармаларынан радиоконцерт қойылды.

Сондай-ақ, ескерткіш маңына Шоқан Уалиханов атындағы ғылыми-әмбебап облыстық кітапхана ұлы ақынға арнап кітап көрмесін ұйымдастырды. Мұнда ақынның өлең жинақтары, қарасөздері, хикмет кітаптары қойылған. Бұған қоса, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруы аясында Абайдың нақыл сөздерінен көрме қойылып, «Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығының» аға ғылыми қызметкері, Абайтанушы Әлімбай Аманбайұлы дәріс оқыды.

— Абай сонау елде қиын замандардың өзінде қазақты қайткенде пұшпаққа шығарамын, өнерге, мәдениетке, ғылымға жеткіземін деп бар ақыл ойын сарп еткен ұлы перзентіміз. Осы перзентіміздің айтып кеткен өсиетін, жазып қалдырған жазбаларын халыққа жеткізу үшін бүгінгі күні Елбасымыз биылға жылды Абай жылы деп атады. Абай жылы құтты болсын! — деді өз сөзінде Әлімбай Аманбайұлы.

Бұдан кейін, Тараз қаласының әкімдігі тарапынан облыс орталығындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, келушілер ұлы ақын рухына тағзым етті.

— Мемлекет басшысының шешімімен 10 тамыз Абай күні деп жарияланды. Бұл ұлттың ұлы руханиятына көрсетіліп отырған құрмет. Сондай-ақ жас ұрпақты келешек ұрпаққа тәрбиелеуде маңызы зор бастама. Абай Құнанбайұлы өзінің даналығы, ойшылдығымен адамзат тарихының, әдебиетінің алтын қорында қалған ұлы тұлға, — деп атап өтті  Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман.

Айта кетейік, бүгін Абай күніне орай мұндай іс-шаралар күні бойы жалғасатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.