Абыройы биік, арды ойлаған азамат

0 3

Жамбыл ауданындағы Полатқосшы ауылдық округінің тумасы, «Шарипов» шаруа қожалығының төрағасы Абдумалик Шарипов ауылдағы тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесуде, — деп жазады «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.

Абдумалик Тоқтасынұлы кәсіпкерлікке тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ ден қойған. Түрлі қиындыққа қарамастан алға ұмтылып, нәтижесінде кәсібі қанатын кеңге жайғвн. Бүгінде егін шаруашылығын өркендетіп жүрген азаматты ауыл, аудан тұрғындары жақсы таниды.

Қожалық басшысы пияз, картоп, сәбіз, қант қызылшасын өсірумен айналысады. Қазіргі таңда шаруашылық Айшабибі ауылдық округінде 100 гектар пияз, 50 гектар қант қызылшасын, Қарасу ауылдық округінде 30 гектар қант қызылшасын, Талас ауданы Ақкөл ауылында 20 гектар қант қызылшасын өсіруде. Шаруашылықта 30 адам тұрақты жұмыс істейді. Ал, науқан кезінде қосымша 50 адам жұмысқа тартылады.

– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Абдумалик жуырда 76 отбасыға 1 қаптан картоп берсе, республикалық «Біз біргеміз!» акциясы аясында 50 отбасыға күнделікті тұтынатын азық-түлікті табыс етті. Сонымен қатар, карантин режимі кезінде Полатқосшы дәрігерлік амбулаториясының 68 қызметкеріне де 1 қаптан картоп үлестірді. Абдумалик Шарипов Қордайдағы жағдайға және Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы 7 елді мекен су астында қалғанда да қарап қалған жоқ. Қолдан келген көмегін аямады, – дейді Жамбыл ауданының құрметті азаматы Сәпілмәлік Тәжиев.

Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына жергілікті кәсіпкерлердің қосып отырған үлесі зор.

– Әбекең абыройы биік, арды ойлаған азамат. Ауыл тұрғындары оны қолы ашық, жаны жомарт адам дейді. Ол үнемі көмекке мұқтаж жандарға дем беріп жүреді. Округте атқарылып жатқан жұмыстарға да бей-жай қарамайды. Қажет болса техникаларын беріп, көмектеседі. Міне, ол осы ісімен көпке үлгі және сыйлы болып жүр, – деді ауыл әкімі Ержан Данаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.