Қордай ауданында 30 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтылған

0 0

Қордай ауданы бойынша 30 ауыл орталық ауыз су жүйесімен қамтылып, тұрғындар сапалы суды қолданатын болса, тағыда 11 елді мекен кезекке қойылған, — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.

Биыл Жаңатұрмыс, Жамбыл, Қақпатас, Беріктас, Қызылсай, Қалғұты, Бетқайнар, Ауқатты, Әлжан ана ауылдары және аудан орталығындағы тұрғын үй алқаптарында жаңа ауыз сумен қамту жүйелері іске қосылды. Ал, үстіміздегі жылы Қарасу ауылында осындай жүйе құрылысы басталды.

Арал ауылына да, мемлекет бюджетінен таза сумен қамту жүйесін жүргізу үшін қаражат бөлінді. Сарапшылар су қорын растап, зертханалық зерттеуге сәйкес судың ешбір қоспасыз санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай екенін анықтаған.

Ұңғымалардың тереңдігі 135 метрді құрайды. Жаңа су құбыры іске қосылған жағдайда 1500 астам ауыл тұрғыны таза ауыз сумен қамтылмақ. Жоспар бойынша сыйымдылығы 150 текше метр екі резервуар-жинақтауыш, сусорғы стансасы және бактерицидтік құрылғы орнатылатын ғимарат салынады. Су құбырға түсер алдында ультракүлгін сәулелермен залалсыздандырылады. Осылайша судың жоғары сапасы қамтамасыз етілмек.

Одан басқа, электр сөніп қалған жағдайда қолдану үшін құрылысшылар автономиялық резервтік дизель электр стансасын салуды көздеп отыр екен. Қазіргі таңда жұмыс екі көшеде жүріп жатыр. Экскаватормен арнайы траншея қазылып, құбырлар тартылуда. Қажетті техника, дәнекерлеу құрал-жабдығы, басқа да құрал-саймандары сай жұмысшылар, ауылға су тарту жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтауды көздеп отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.