Құмөзектіктер ауыл тұрғындарына асарлатып үй салуда

0 1

Қарабөгет ауылдық округіне қарасты Құмөзек ауылында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары мүмкіндігі шектеулі жандарға үй салып беруде, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Бүгінде ауылда 126 отбасы яғни 733 адам тұрады. Бұл берекелі бастаманың басталуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «ұмытылып кеткен қазақы салт-дәстүрлерді жаңғыртып, оның ішінде асарлатып үй салуды қайта қолға алуымыз керек» деген биылғы тапсырмасы түрткі болып отыр.

​​​Осы орайда құмөзектіктер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, бұған дейін жалдамалы үйде тұрып келген аталмыш ауылдың тұрғыны, үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Мейрамбек Донгуловқа асарлатып үй салып беруді бастаған. Қазіргі таңда үйдің іргетасы қалануда. Ал, үйге қажетті кірпіштердің барлығын ауыл азаматтары қолдан құйып, кептіріп, дайындаған.

Бұған қоса, ауылдың кәсіпкерлері, шаруа қожалық жетекшілері сынды жаны жомарт азаматтары терезесін, шатырын алып берген. Тұрғындар мақсаты күн суытқанша үйді толықтай бітіріп, мұқтаж азамат Мейрамбекке жайлы үйінің кілтін тезірек тапсыру.

— Осы ауылда әйелім, бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі енем және үш баламмен бірге пәтер жалдап тұрып келеміз.   Денсаулығыма байланысты мүмкіндігім шектеулі болғандықтан, үлкен үй тұрғызу енді қолымнан келе қоймас деп ойлайтынмын. Алайда облыс әкімінің алға қойған тапсырмасының нәтижесінде ауыл азаматтары асарлатып үй салып беруде. Сондықтан облыс, аудан басшыларына, округ әкіміне және ауыл тұрғындарына ерекше ықыласпен алғысымды айтқым келеді, — дейді Мейрамбек Донгулов.​​​​ 

Сонымен қатар, ілкімді істі көрген құмөзектік жас отбасы Бағлан Шубаевта, округ әкіміне жолығып, өзінің ауласынан дәл осылай асарлатып үй салғысы келетінін өтінген. Қазірде бұл отбасыға да ауыл тұрғындары өтінішін жерге қалдырмай, ескі үйінің маңынан асарлатып үй салып беруді бастап та кеткен.​​​​​​​​

Округте биыл көзге көрінетін бірқатар жұмыстар атқарылды. Көше жарықтары реттеліп, жасанды футбол алаңшаларыашылса, Құмөзек ауылындағы Гагарин көшесіне асфальт төселіп, мектептерге ішкі әжетханалар орнатылды. Бұл тұрғыда аудан басшыларына үлкен рахмет айтқым келеді. Ауылдың көркейіп, өркендеуі жолында алдағы уақытта әлі талай жұмыстар атқаратын боламын, — деді округ әкімі Бағдат Сатыбалдиев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.