Жамбылдық оқушылар республикалық байқауда жеңімпаз атанды

0 1

23-25 тамыз күндері 8-11 сынып оқушылары арасында онлайн форматта ХХІ республикалық Абай оқулары байқауы өтті. Республикалық кезеңге Жамбыл облысынан 6 оқушы қатысып бақтарын сынады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.

Шығармашылық байқау 6 номинациядан тұрды. Байқаудың 1-ші және 2-ші номинациялары бейнеконференция форматында өтсе, 3-4ші және 5-ші номинацияларында қатысушылар өз шығармашылығын бейнекамераға түсіріп, ұйымдастыру комитетіне жолдады. Ал 6-шы номинация Exam.net платформасы арқылы жүргізілді.

Нәтижесінде жамбылдық 5 оқушы жеңімпаз атанып, жүлделі орындарды иеленді. Атап айтсақ, «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» номинациясы бойынша ІІ орынды Ұлы ақынның 29 өлеңі мен 3 поэмасын жатқа білетін, Байзақ ауданындағы Қостөбе орта мектебінің 8-сынып оқушысы  Альфия Садырова иемденді. Ал, «Ұлылар әлемі» номинациясы бойынша Т.Рысқұлов ауданындағы Р.Смаилов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Тұнық Гіміңтай жүлделі ІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, Тараз қаласы №8 Төле би атындағы гимназиясының 9-сынып оқушысы Тамила Алжан  «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясы бойынша ІІІ орынға ие болды.

Ал, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясында Т.Рысқұлов ауданындағы М.Горький атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Махмұт Ләйлә Хакім Абайдың 143 өлеңін, 27 аудармасы мен 1 поэмасын жаттап, ІІІ орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, Байзақ ауданындағы Н.Ақшабаев атындағы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Ермахан Ерәлі Абай мен Шәкәрімнің әндерін орындап, «Үздік орындаушы» номинациясы бойынша марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.