Қордайда бұқаралық спортты дамыту ісіне көптеп көңіл бөлінуде

0 7

Қордайда бұқаралық спортты дамыту ісіне көптеп көңіл бөлініп, Қордай, Әлжан ана, Бетқайнар және Отар ауылдарында заманауи спорт кешендері бой көтеруде, — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.

Қордай жерінен дүбірлі топтарда жеңіс тұғырына көтеріліп, еліміздің көк байрағын желбіретіп, Әнұранымызды тыңдатқан небір саңлақ спортшылар шыққанын дүйім жұрт жақсы біледі. Қай спорт түрі болмасын, қордайлықтар қайсарлық пен жігерлігімен көзге түсіп, сан сайыста топ жаратын. Бұған дәлел ретінде ауданның мақтанышы болған Марат Мәзімбаевтың, Төлеген Ақылбековтың, Светлана Голендованың және тағы басқа спортшылардың жетістіктерін айтуға болады.

Ал, осындай мақтана айта алатын спортшыларды тәрбиелеу үшін әрине, бірінші кезекте халықтың спортпен шұғылдануына барлық жағдайды жасау қажет. Қуанышқа орай, соңғы уақытта ауданда бұқаралық спортты дамыту жұмысына мықтап ден қойылған.

Шағын футбол және спорт воркаут алаңшалары бірінен соң бірі әр ауылда бой көтеруде. Қордайда 320 орындық заманауи спорт кешенінің қолданысқа берілгеніне бірер жыл болды. Аудан бойынша спорт секцияларының саны артып, үш спорт мектебі жұмыс істеуде. Бүгінде спорт мектептерінде 4499 оқушы тіркелген. Ауданда жалпы 316 спорт нысаны жұмыс істейді. Спорт нысандардың барлығы ауыл тұрғындарына спортпен айналысуына қолжетімді. Осының арқасында тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны 46 мың адам санына жақындап, 31,6 процентті құрады.

Биыл аудан бойынша сексеннен астам спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған он мыңнан аса азамат қатысты. Пандемия өзінің кері әсерін бермей қоймады. Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дидар Молдағалиевтің айтуынша, биылғы таудай жоспарлар орындалмай қалды. Десе де, жылдың соңына дейін бірқатар спорттық іс-шараларды өткізу жоспарда бар.

Осы жылы аудан тұрғындары үшін жағымды жаңалыққа толы болғаны рас. Қуанышқа орай, маусым айында ауданда бірден 4 спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мердігерлердің айтуынша желтоқсан айының соңына дейін жұмыстар аяталуы тиіс. Атап айтсақ, Қордай, Әлжан ана, Бетқайнар және Отар ауылында заманауи спорт кешендері бой көтермек. Әр спорт кешенінің құрылысына 300 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді.

Ал аудан әкімі Р.Дәулеттің айтуынша аталмыш спорт нысандарында барлық стандарттарға сәйкес келетін алаңда футбол, волейбол, баскетбол ойнауға мүмкін болса, сонымен қатар күрес, бокс және жаттығу залы да болады. Әр нысан толықтай спорттық жабдықтармен қамтылады және шешіну бөлмесі, душ та қарастырылған.
Жоспар бойынша аталмыш нысандарда жаңа спорт секциялары ашылып, көршілес ауылдардың балалары да тартылмақ. Бұл әрине, бұқаралық спортты дамыту ісіне айтарлықтай үлес қосары анық.

Өз кезегінде болашақ чемпиондарды дайындап, шығару үшін ауданда барлық жұмыстар жүргізілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.