Жамбыл ауданында ауылдық округтерге рейд жұмыстары жүргізілді

0 9

Жамбыл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов жетекшілік ететін шұғыл топ індеттің алдын алу, таралуына жол бермеу мақсатында Полатқосшы, Қызылқайнар, Гродиково, Қарой, Өрнек, Ерназар ауылдық округтеріне рейд жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды “ZhambylNews” АА.

Қауіпті індет жер бетінде пайда болғалы бері бүкіл әлем бұл қауіпті құбылыспен күресіп келеді. Барлығының көздегені бір мақсат, бір мүдде, бір міндет, ол – індетті жеңу. Дегенмен, бәрі де адамдардың өзіне байланысты екені мәлім. Ең бастысы, шектеу шараларын сақтау қажет. Дәл қазір еркінсуге болмайды. Індет ешкімді аяп жатқан жоқ, аямайды да. Оның салдары да өте ауыр. Бұған бәріміздің көзіміз анық жетті. Бұны тек қана темірдей тәртіп пен қатаң талап арқылы ғана жеңуге болады.

Біздің өңірде жергілікті билік тарапынан тиісті шаралар қолға алынғаны белгілі. Бүгінде аудан бойынша рейдтер ұйымдастырылуда. Бұл шаралар өз кезегінде нәтижесін беруде. Жағдай бұрынғыдай емес, біршама түзелген. Аудан тұрғындары қазір сақтық шараларына бейжай қарамайды. Олар қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтықты сақтап, бетпердемен жүр. Сауда орындарында да тәртіп орнаған, санитарлық талаптар сақталған.

Рейд жұмыстары барысында ауылдық округтердегі азық-түлік дүкендеріне бас сұққан топ мүшелері сауда нысандарында белгіленген санитарлық нормалардың сақталуын тексеріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кейбір дүкендерде сатушылар мен келушілердің маскалық режимді сақтамай жүргені, санитарлық талаптардың бұзылу фактілері анықталды. Қорғаныш заттары да түгел орнында емес.

Бұл анықталған кемшіліктер бойынша нысан иелерінің атына анықтама толтырылып, анықталған кемшіліктерді жою бойынша ескерту жасалды.

— Бүгінгі рейдтің негізгі мақсаты – коронавирустың таралуының алдын алу, сондай-ақ сауда нысандарының иелері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау коронавирус инфекциясының таралуын тежейді. Біз мұндай рейдтерді күнделікті ұйымдастырып тұрамыз, – деді Мадияр Әбілханұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.