Жамбыл ауданында 555 абонент тиімді интернет жүйесіне қосылды

0 2

Соңғы 3 айдың ішінде Жамбыл ауданында 555 өтініш иесі жылдам ғаламтор желісінің қызығын көріп отыр. Оның ішінде Өрнек ауылында 332, Жұма ауылында 31, Ерназар ауылында 43, Жаңаөткел ауылында 38, Құмсуат ауылында 15, Тоғытарау ауылында 49, Ащыбұлақ және Шайдана ауылдарында 47 абонент бастаманың шарапатын көре бастаған, — деп жазады “ZhambylNews” АА.

Бұған қоса, желінің жылдамдығына көзі жеткен қалған тұрғындар компания өкілдеріне өтініш білдірудің сәтін күтіп жүр. Бұл ғаламтор желісінің Жамбыл ауданындағы түйіні тарқытылып келеді дегенге саяды.

Дүниеге дүрбелең орнатқан коронавирус инфекциясының салқыны білім саласына да тигені рас. Уайымсыз, сөмкесін қолына іле кетіп, дәріс алып, топталып думанды шараларға қатысқан оқушылар көзге көрінбейтін індетке тап болды. Күннен күнге індетке бой түзеле бастағанымен, мұның ауыртпалығы жаңа оқу жылы басталғанда қылаң берді.

Ауданнан шалғай орналасқан Тоғызтарау, Құмсуат, Жаңаөткел, Өрнек, Ерназар, Ащыбұлақ, Шайдана ауылының тұрғындары пандемияға табандылық танытқанымен, дәстүрлі оқыту маусымына балаларын жіберуге қорықты. Олар елімізде індеттен сақтану бағытында қолға алынған қашықтықтықтан оқыту форматын қуана құптады. Ал бұл форматта білім алуға ғаламтор желісі ауадай қажет екенін айтпасақта түсінікті. Ауыл әкімдері де бұл жағдайдың алдын алу үшін «Қазақтелеком АҚ» аудандық бөлімшесінің табылдырығын тоздырғанын қынжыла жеткізді.

Бөлімше мамандарының айтары интернет нүктелерінің тапшылығы. Ашып айтсақ, бауын тапса байлауын таппайтын мәселе екені анықталды. Осы сұранысты қанағаттандыруды көздеген аудан әкімі Сәкен Арубаев тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, ауданды ғаламтормен қамту қажеттігін жедел қолға алу керектігін басып айтты. «Амал іздеген жол табар» демекші, «Транстелеком» АҚ-ның Тараз қаласындағы «Жамбылтранстелеком» компаниясының дилері ұсынатын тиімді жобаны қолдаған аудан әкімі Сәкен Қаланұлы компания қызметкерлерімен кездесіп, жобаның құрылымын егжей-тегжейлі талқылаған болатын. Бұл қыркүйек айы еді. Компания өкілдерімен тығыз байланыс орнады.

— Жылдамдығы жоғары (40 Мбит/с). Бұл тарифке қосымша 110 телеарналарға қосылуға мүмкіндік бар. Ең бастысы – ауылдардан ғаламтор қажеттілігі бойынша өтініштер көп болуы қажет, – дейді компанияның басқарушы директоры Дархан Сәрсебайұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.