Жамбылдық 4 оқушы республикалық өнер байқауының жеңімпазы атанды

0 4

9-11 желтоқсан аралығында өткен VII республикалық «Ақберен» онлайн өнер байқауы қорытындыланды. Байқауға жамбылдық 6 оқушы қатысып, төртеуі жеңімпаз атанды, деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

8-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған байқауда қатысушылар «Көркем сөз оқу», «Ақындар мүшәйрасы», «Шешендік өнер», «Ақындар айтысы», «Шығарма жазу» және «Ұлттық аспапта ойнау» сияқты 6 аталым бойынша өнер көрсетті.

Шығармашылық байқау нәтижесінде «Ақындар мүшәйрасы» номинациясы бойынша І орынды Т.Рысқұлов ауданындағы Ш.Уәлиханов орта мектебінің 11-сынып оқушысы Жәнібек Әмре жеңіп алды.

Қордай ауданындағы №26 Жамбыл Жабаев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Берік Абдуразаков «Шешендік, білгірлік сайысы» аталымы бойынша ІІ орынды. «Ұлттық аспапта ойнау» номинациясы бойынша Жамбыл ауданындағы №1 орта мектептің 9-сынып оқушысы Нұрзат Рахманберді «Жантаза» күйін орындап, ІІ орынды иеленді. Ал Т.Рысқұлов ауданындағы Жамбыл орта мектебінің 11-сынып оқушысы Саламат Осалы «Ақындар айтысы» номинациясы бойынша суырыпсалмалық өнерімен ІІІ орынға ие болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.