Жаңатаста алты балалы ана асарлатып салынған баспанаға ие болды

0 0

Бүгін тәуелсіздік күніне тарту ретінде асарлатып салынған төрт бөлмелі үй Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықовтың қатысуымен, қариялардың ақ батасымен Жаңатас қаласындағы Ә.Молдағұлова №49 үй көп балалы анаға берілді, — деп жазады “ZhambylNews” АА.

Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қазақ халқы мұндай игі істері арқылы көмекке мұқтаж жандарға қиын кезеңдерде демеу болып, көмек көрсеткен.

Ұрпақтар сабақтастығы жалғасу үшін де ата-баба дәстүрі қолға алынып, ел арасында ұмыт болмауы керек. Дәл осы үрдіс бүгінгі күні қайта жаңғыртылып, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданда «Асарлатып үй салу» акциясы бастау алды. Акция аясында ауданның жомарт жандары аз қамтылған отбасыларға үй сыйлауда.

Үйдің қаланған әрбір кірпішінде Жаңатас қаласы тұрғындарының қолтаңбасы бар. Барлығы бірдей үй біткенше күндіз-түні жұмыс істеді.

Әр істің қайыры бар. Үлкендердің ризашылығын алдық. Көп нәрсені ойымызға түйдік. Халқымыздың мейірімін, бірлігін сезіндік.

Ата-бабамыздан қалған бойымыздағы асыл қасиеттеріміз көпшіліктің жүрегінде бар екеніне қуандық. Асарлату адамдарды бір-біріне жақындастырып, достық, татулықты өмірде ту ету керектігін, айналаңдағы жаңдарға қамқорлық жасай білу қажеттігін үйретті.

Алдағы уақытта осындай ұйымшылдықпен бір жұдырықтың астында бірге жұмыстар атқарсақ, қазағымның көсегесі көгерері анық, – дейді тұрғындар.

Үйдің құрылысына Жаңатас қаласының кәсіпкерлері мен тұрғындары қаржылай көмек берді.

Үй иесі көпбалалы ана Дүйсенкүл Анласынова игі іске ұйытқы болған көпке алғысын білдіріп, қуаныштан көзіне жас алды.

«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп ата-бабамыз өсиет етіп қалдырғандай, әрбір адамның жүрегінде туған жерге деген сағыныш, қамқорлық, сүйіспеншілік сезімі жоғары болуы керек. Сонымен қатар, бірлікті жоғары бағалаған халықтың ұрпағы болғандықтан ұйымшылдықты ұмытпауы қажет. Сонда ғана түлеп ұшқан қасиетті мекеніне көмек қолын созып, жанашырлық таныта алады. Оның гүлденуі мен өркендеуі жолында өз үлестерін қоса алады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.