Батыр рухына мың тағзым

0 6

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні Мойықұм ауданы Бірлік ауылында Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың туған жерінде батыр жерлесімізді еске алуға аудан әкімінің міндетін атқарушы А.Нәметқұлов, ауыл әкімдері мен мекеме басшылары қатысып, батырдың рухына құран бағыштады, деп жазады “ZhambylNews” AA.

— 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысып, егемендік жолында құрбан болған Қайрат – өскелең ұрпаққа үлгі болатын тұлға. Оның ерлігі мен қайсарлығы ел үшін туылған азамат екендігінің айғағы. Қазақ ұлтының батырының есімі ешқашан халық есінен шықпайды, — деді жиында аудан әкімінің міндетін атқарушы А.Нәметқұлов.

Жиын санитарлық талаптарды сақтай отырып өтті.

Айта кетейік, Қайрат Рысқұлбеков 1966 жылы Мойынқұм ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген.  1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы.

1973 – 81 жылы Шу ауданы Төле би ауылындағы орналасқан Сәду Шәкіров атындағы мектеп-интернатта оқып, 8 жылдық білім алды. 1981 – 83 жылы Бірлік ауылындағы бұрынғы Киров атындағы орта мектепте оқып, он жылдықты бітірген соң, әскер қатарына шақырылғанға дейін әкесі Ноғайбайға жәрдемші-малшы болып, Көктерек тауарлы-сүт фермасында жұмыс істеді.

1984 – 86 жылы Амур өлкесі Белогор қаласында әскери міндетін абыроймен өтеді. Әскери-саяси қызметтердің үздігі ретінде бірнеше мақтау қағазымен марапатталып, әскери бөлімше командирлері ата-анасына алғыс айтқан құрмет қағаздарын жіберді. 1986 жылы мамырда әскери борышын өтеп ауылға оралды. Тамыз айында әскери бөлімшенің жолдамасымен Алматыдағы Сәулет-құрылыс институтына келіп сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға түсті.

Осы жылы16 – 18 желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне белсене қатысты. Бірақ көтеріліс қатыгездікпен жаншылғаннан кейін 1987 жылдың қаңтарында ішкі істер органының қызметкерлері «Алматыда бір төбелеске қатысты» деген желеумен Рысқұлбековті Мойынқұм ауданының орталығында тұратын нағашысы – М.Асанбаевтың үйінде демалып жатқан жерінен ұстап әкетеді. Кейіннен, көпшілікке мәлім болғанындай, тергеушілер зымиян әрекеттерімен Рысқұлбековке неше түрлі айла-шарғылар қолдана отырып, оны С.Савицкийдің өліміне кінәлі етеді.

Қазақ КСР-і Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының төрағасы Е.Грабарниктің 1987 жылы 16 маусымдағы Үкімімен Рысқұлбеков – ең жоғары жаза – өлім жазасы – атуға бұйырылды. Зиялы қауым өкілдері СОКП Бас хатшысы Горбачев пен КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының төрағасы Громыконың атына Рысқұлбековтің жазасын жеңілдету туралы өтініштерін жолдады. Кейіннен Рысқұлбековтың ату жазасы амалсыздан 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылды. Бірақ Шу, Қарағанды темір жол бекеттері арқылы Рысқұлбеков белгісіз себептермен Семей түрмесіне жеткізіліп, құпия жағдайда оның өміріне қастандық жасалды.

Желтоқсан көтерілісінің бас құрбаны болған Рысқұлбеков еліміз егемендік алғаннан кейін Қазақстан Жоғарғы Соты Пленумының 1992 жылы 21 ақпандағы шешімімен толықтай ақталды. Оған «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Тараз қаласында Рысқұлбеков есімімен аталатын демалыс паркі бар. Сондай-ақ онда Рысқұлбековке ескерткіш қойылған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.