Қырғыз елімен шекаралас ауылға ауыз су жүйесі жүргізілді

0 0

Қырғыз елімен шекаралас жатқан Қаратау ауылында орталықтандырылған ауыз су жүйесі болатын. Осы күнге дейін жерасты құбырларынан ақау шығып, су бірде берілсе, енді бірде тиылып тұрғындарды әбден әбігерге салды. Одан қалса соңғы кездері судың құрамыда өзгере бастаған.  Енді міне Қаратау ауылына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 306 млн теңге бөлініп, ауылішілік көшелерге су құбыры толығымен тартылды, — деп жазады «ZhmabylNews» АА.

Жалпы аудандағы 42 елді мекеннің 19-ы таза ауыз сумен қамтамасыз етілсе, үстіміздегі жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында Жасөркен, Қызылқайнар, Ақбұлым, Бәйтерек, Шоқай ауылдарына ауыз су жүйелерінің құрылысы басталып, бүгінде аяқталуға жақын қалды. Құрылыс жұмыстарын қолға алған «Жігер-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 110 аулаға су тетіктерін жүргізіп берді. Енді әр тұрғын көше бойындағы ауызсу желісіне қосылуға белсенділік танытса болғаны.

Жаңа жыл қарсаңында тұрғындарға тарту болған игілікке аудан әкімі Сәкен Арубаев арнайы келіп, сөз сөйлеп, көпшілікті қуанышына ортақтасты.

– Қазіргі таңда елімізде ауыл-аймаққа ерекше көңіл бөлінуде. Мысалға, мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде ауданымызға 5.5 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету, көшелерге асфальт төсеу жұмыстарына басымдылық берілді. Алдағы уақытта халық қажетін өтеу жолында көптеген мақсатты жобаларды жүзеге асыратын боламыз. Қаратау ауылына ауыз су, көгілдір отын берілген соң, көше жарықтандыру, жол жабындысын төсеу жұмыстары жүргізіледі, – деген Сәкен Қаланұлы тұрғындармен бірге құбырдан ақтарыла шыққан ауыз судың куәгері болды.

Мұнан соң ауыл қариясы Темірбек Жұмамұратов ақ батасын берді. Аудан әкімімен бірге аудандық мәслихат хатшысы Рүстем Бегалиев, аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов бірге жүрді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.