Оқу жылының IV тоқсанында Жамбылда 229 мектеп дәстүрлі форматқа көшті

0 2

Жамбыл облысы жасыл аймақта болғандықтан, төртінші тоқсанында оқу үрдісі санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып 229 мектепте дәстүрлі форматта және 213 мектепте «Бір сынып-бір кабинет» принципі сақтала отырып, аралас форматта ұйымдастырылуда, — деп жазады “ZhambylNews” АА.

Аралас форматта оқу пәндерінің 70 пайызы дәстүрлі форматта, қалған 30 пайызы (денешынықтыру, АӘД, өзін-өзі тану, кәсіпкерлік негіздері, көркем еңбек) қашықтықтан оқытылады.

Мектептерде икемді сабақ кестелері жасалып, сабақтар арасындағы үзілістер әр сынып үшін әр түрлі уақытта ұйымдастырылуда.

Ата-аналардың (заңды өкілдердің) балаларды жалпы білім беретін мектептерге алып жүруі мектепке кіргенге дейін жүзеге асырылады.

IV тоқсанда бірыңғай мектеп формасын кию талап етілмейді. Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі хабарлағандай, төтенше жағдай кезінде, форс-мажор немесе басқа да шектеу шаралары болған кезде, білім беру мекемелеріне бекітілген мектеп формасын кимей, ұқыпты, классикалық киіммен баруға болады.

Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттарда, дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарда, жалпы үлгідегі мектеп-интернаттарда, мектеп жанындағы интернаттарда оқу үрдісі барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылуда.
Мектепте офлайн немесе онлайн оқытуды оқушы, ата-аналар өздерінің қалауы бойынша таңдайды.
Айта кету керек, Бас санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес төртінші тоқсанда мектептерде дәстүрлі түрде оқытуға «жасыл», «сары» аймақтарға рұқсат етілген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.