«Тараз» футболшылары жастармен кездесті

0 13

«Тараз» футболшылары Т.Рысқұлов атындағы саябақта жастармен кездесті, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Кездесуде Елдос Ахметов пен Әлішер Сүлей өздерінің футболдағы мансабы мен командадағы ойыны туралы айтып берді. Ал, жиынға келген жастар ел біріншілігін сәтті бастағанымен команданы құттықтап, қолдау білдіріп жүргендерін жеткізді. Сондай-ақ, футболшылардан «Шахтермен» өткен ойын туралы өздері айтып беруін сұрады.

— Бұл ойынның осылай өрбуіне өзге матчтың әсері болды деуге болады, — деп бастады сөзін Елдос Ахметов. – «Қайратпен» өткен кездесу бізге сенімділікті арттырып, өз ойынымызды ойнауға жол ашты. Сол әсердің арқасында «Шахтермен» тамаша ойын өткізуге әкелді деуге болады, — деді Елдос Ахметов.

Ал Әлішер Сүлей жарақатына байланысты бұл ойынға қатыса алмағанын айтты.

– Трибунада отырып, жанкүйер болу алаңда ойнағаннан аса қиын екен. Жігіттер сенімді ақтап, шабуылдаушы футбол көрсетті. Соның арқасында тамаша есеп тіркелді, — деді ол.

Сонымен бірге, футболшылар «Тұранмен» өтетін ойынға дайындық туралы да айтты.

— Премьер лигада әлсіз команда жоқ. Тіпті төменгі лигадан қосылғандар да көшбасшыларға төтеп бере алады. «Тұран» «Астанадан» ұпай ала алған команда. Ол команданың құрамында жоғары лига мен өзге елдерде ойнаған тәжірибелі футболшылар бар. Демек, бұл ойын да біз үшін оңай болмасы анық. Бірақ біз қзімізге қажетті нәтижеге жету үшін алаңға шығамыз, — дейді Әлішер Сүлей.

Leave A Reply

Your email address will not be published.