Байзақ ауданының әкімі майдангерлерді мерекемен құттықтады

0 7

Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен майдангерлерді Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Жеңістің 76 жылдығымен құттықтады, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

«Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен майдангер ұрпақтары! Сіздерді Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Жеңістің 76 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мемлекеттік мейрамдар — батырлардың даңқты рухын ардақтап, Отанға адал қызмет етуді айқындайтын айтулы күндер. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста біздің жерлестеріміз қайсар ерліктің үлгісін көрcетіп, есімдерін тарих бетіне алтын әріппен жазды.

Ауданымыздан 3 341-ден аса ер-азамат майданға аттанып, олардың 1 583-і елге оралды. Жерлесіміз Ақәділ Суханбаев ерліктің өшпес үлгісін жасап, Кеңес Одағының Батыры атанды. Арын — байрақ, намысын — найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Тыл еңбеккерлері де майдан үшін, Жеңіс үшін еңбек етіп, жауынгерлерді қару-жарақпен, азық-түлікпен қамтып, Жеңісті жақындатуға үлестерін қосты. Жеңіс күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп тағзым етеміз. Бүгінгі ұрпақ ардагерлер танытқан ерлік пен қайсарлықтан үлгі алып бой түзейді. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің сарбаздары бұл даңқты абыроймен жалғастырып келеді.

Қадірлі соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері! Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбіт өмір, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін.

Қымбатты Отан қорғаушылар! Сіздерді Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 29 жыл толу мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Отан қорғау — ел азаматының қасиетті борышы. Байзақтықтар да Отанымыздың қорғаныстық қабілетін нығайтуға, Қазақстан халқының игілігі мен бейбітшілікті қорғауға лайықты үлесін қосуда. Аға ұрпақ пен жас буынның Отанымызды қорғап, қызметте айтулы үлес қосқанын біз әрқашанда мақтан тұтамыз. Еліміздің тыныштығын сақтау жолындағы жауапты қызметтеріңізге қайсарлық, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін» — делінген хабарламада.

Leave A Reply

Your email address will not be published.