Жамбылдық кәсіпкерлер «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын көруде

0 1

Биыл Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жобаларды қаржыландыруға бөлінген қаржының үштен бірінен астамы кәсіпкерлерге берілді. Бұл мақсатқа биыл 64 млрд теңге бөлінген. Қор «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын кәсіпкерліктерді қолжетімді несиемен қамтамасыз етіп келеді. Жамбылдық кәсіпкерлерде бағдарлама шарапатын көруде, — деп жазады “ZhambylNews” АА.

Шағын кәсіптен үлкен шаруа қожалығына айналған немесе шағын цехінен кеңейтіп, елге кең таралатын дүние өндіріп жатқан кәсіпкерлер жетіп артылады.

Айта кету керек, қор кез келген кәсіп түрін қаржыландырады. Аз қамтылған және көп балалы отбасы мүшелеріне несие 4 пайызбен беріледі. Мәселен, Жамбыл облысының Жамбыл ауданына қарасты Қаракемер ауылындағы «Жандар» шаруа қолжалығының басшысы Жандар Кемпреков ІІІ топтағы мүгедек әрі көп балалы отбасының отағасы. Ол ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алып, шаруашылығын кеңейтіп отыр. Шаруашылығы жайында және алдағы жоспары туралы өзі айтып берді.

— Шаруа қожалығын 2016 жылы құрдым. Қолымызда азын-аулақ малымыз бар. Бес сиырды тұрақты түрде сауып, соның сүтін, төлдерін сатып, төрт баланы қатарынан кем қылмай өсіріп келеміз. Қазір өздеріңіз білесіздер, бие сүтіне, қымызға сұраныс жоғары. Соны ескеріп, жылқы сатып алу үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алуға өтінім бердім. Өтінімім мақұлданды. Мен сияқты көп балалы отбасыға және мүгедектігі бар азаматтарға несиені 4 пайызбен береді екен. Сол несиеге 6 жылқы сатып алдым. Алдағы уақытта биелерді құлындатып, қымыз өндірумен айналыссақ деп отырмыз. Қоғамдағы біз сияқты жандарға мемлекеттің қолдау көрсететіні қуантады. Шын ризамыз. Қазіргі уақытта еңбек етемін деген адамға мүмкіндік жеткілікті ғой, — дейді қожалық басшысы Жандар Кемпреков.


Еңбек етемін дегендерге «Еңбек» бағдарламасының шарапаты тиіп келеді. Мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін пайдаланып, іс бастаған кәсіпкерлер еліміздің әр өңірінен табылады. Солардың бірі – Тараз қаласында тұратын жеке кәсіпкер Гүлнәр Абдуллаева. Кәсіпкердің шағын тігін цехі бар. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған кәсіпкер, Қордың қолдауына ризашылығын білдірді.

— Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан былтыр 6 млн теңге несие рәсімдеп, оған тігін машиналарын, цехқа қажет жабдықтар сатып алдым. Өзімнің мамандығым тігін бұйымдары технологы болғандықтан, осы бағыт өзіме жақын әрі ұнайтын кәсіп. Қазір өзімнен бөлек екі адамға жұмыс беріп отырмын. Тапсырыспен кыз жасауын, киіз үй жабдықтарын, көрпе-жастық, ұлттық костюмдер, тіпті мектеп формаларына дейін тігеміз. Несие алуға берген өтінішім тез арада қаралып, оң шешім шықты. Көп ұзамай несие қаржысы қолымызға тиді. Мемлекеттің біз сияқты шағын кәсіпкерлерге көрсетіп отырған қолдауына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, тек жұмыс істеу керек. Ең бастысы – кәсібіңіз заңды, еңбегіңіз адал болса болғаны. Құжатыңыз дұрыс болса, еңбек етуге құлшынып тұрсаңыз Қордан несие алып, кәсіп бастауға болады, — дейді жеке кәсіпкер Гүлнәр Абдуллаева.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Жамбыл филиалының директоры Базарқұл Мырзағалиев аймақта несие алып, кәсіп бастап жатқандар жыл сайын көбейіп келеді, дейді. Әсіресе, мал шаруашылығымен айналысу үшін несие алуға өтініш беретіндердің қатары көп көрінеді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта несиеге өтінім қабылдау жұмыстары жалғасуда.

Былтыр 1200 жамбылдық кәсіпкерге 5,5 млрд теңгенің несиесі берілді. Оның ішінде 4,4 млрд теңге «Еңбек» бағдарламасы аясында берілсе, 1,1 млрд теңге Қордың жеке қаражаты есебінен берілген. Биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша 3,8 млрд теңгенің шағын несиесін беру жоспарланған. Қазіргі уақытта филиал қызметкерлері азаматтардың несие алу үшін берген өтінімдерін қабылдап жатыр. Құжаттарын қарап, тиісті шешім шығарады. Жалпы, кәсіпкерлерді қаржыландыру жұмысы қызу жүріп жатыр, — дейді Базарқұл Мырзағалиев.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіппен айналысамын дейтіндерге несие 6 процентпен беріледі және несиенің жылдық тиімді ставкасы 6,7%-дан аспайды. Көп балалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне жеңілдетілген несие 4 процентпен беріледі, бұл ретте несиенің жылдық тиімді ставкасы 4,4%-дан аспайды. Нысаналы мақсатына қарай берілетін несиелердің сомасы 4, 6, 12 млн теңгеге дейін және бір жылға дейінгі жеңілдік кезеңі бар.

Бұл бағдарламаға жұмыссыз азаматтар мен бизнесін кеңейткісі келген жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Несие алушыларға қойылатын бірқатар талаптар бар. Атап айтқанда, өтінім берушінің несие тарихы жақсы болғаны абзал. Кепілге қоятын мүлкі болуы шарт. Бұдан бөлек, бюджеттік және қаржы ұйымдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы керек.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жыл басынан бері республика бойынша жалпы сомасы 18 млрд теңге болатын 3 мыңға жуық несие берді. Осының арқасында 3,5 мың адам жұмыспен қамтылып, 65 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарлары сатып алынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.