Жалпақтөбеліктердің ұсыныс-тілектері назарға алынды

0 2

Жамбыл облысында жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ильяс Буларов Жалпақтөбе ауылдық Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, оларды ашық форматта әңгімелесуге шақырды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” AA.

Кездесуде Тараз қалалық №35 білім ордасының директоры Динара Нұралиева өнер ордасында оқушыларға түрлі үйірмелер ашылса деген тілегін білдірсе, ауыл азаматы Әлімжан Данаев жаяу жүргіншілерге арналған тротуардың қажетілігін алға тартты. Бұл сауалдарға жауапты аудан әкімі Сәкен Арубаевтың өзі беріп, ұсыныс-пікірлерді назарға алатынын, әр мәселе кезең-кезеңімен шешілетін, үйірме ашу жұмыстарын алдағы бюджеттік нақтылауда талқылайтынана сендірді.

Кездесуде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Абдулхалил Маюфи ауызбіршілік пен сыйластықтың құны туралы салмақты сөз сабақтады.

– Жаны жайсаң Қазақ елінің ортасында туып-өскеніме қуанамын. Досым да, жанашырым да, туысым да – қазақ. Бүгінгі ауданға жасаған сапарыңыз құтты болсын! Біз бір-бірімізге қарайласқан тұрғындармыз. Етене араласымыз. Әйтсе де, бұданда жақын араласу үшін қыз алысып, қыз берісудің маңыздылығы зор деп ойлаймын. Қалай топшылайсыздар? Біріміз құда атанып, туыстықты жалғастырып жатсақ, арамыздан қыл өтпес еді, – деді ол. Қарияның сөзіне мәжілісменде қосылып, бірліктен асқан құндылық жоқ екенін тілге тиек етті.

Сондай-ақ аудан әкімі Сәкен Қаланұлы өткен және ағымдағы жылы атқарылған жұмыстарды айтып, жұртшылықпен арнайы жүздесуге келген Ильяс Юсуповичке алғысын білдірді.

Кездесуде ауданның Құрметті азаматы Сәпілмәлік Тәжиев те сөз алып, ұлтқа деген сүйіспеншілік пен құрметті артыра түсетін бірнеше мысалдарды ортаға салып, келелі кездесудің маңыздылығына тоқталды.

Келелі жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков, ауыл әкімі Ержан Данаев, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов қатысып отырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.