Таластық тұрғындар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіптерін ашуда

0 6

Талас ауданында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан көлемінде соңғы бес айда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на 161,4 млн. теңгеге 45 өтінім берілген. Қазірде тұрғындар бағдарламаның шарапатын көріп, кәсіптерін ашуда, — деп жазады “ZhambylNews” AA.

Оның ішінде, 120,9 млн. теңгенің 36 жобасы оң шешімін алса, 43,5 млн. теңгені құрайтын 9 жоба қарауда жатыр. Қазіргі таңда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Агрокредиттік корпорация» АҚ, сондай-ақ, «Әулие-Ата несие серіктестігі» жергілікті жеке кәсіп субъектілерімен қаражат мәселесін шешіп беру бойынша жұмыс жасауда.

Бағдарлама шеңберінде тірлікке білек түріп, іс бастаған, мемлекет қолдауын тиісті мақсатқа жарата білген кәсіпкердің бірі — Нұрғали Ескенов. Кәсіпкер көпбалалы отбасы ретінде 4 пайыздық үстемемен 2,8 млн. теңгені несиеге рәсімдеп, жеке сектордағы үйінің іргесінен дүкен тұрғызған.

— Күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдері- ең өтімді тауарлардың бірі. Сондықтан, жолдасымыз екеуіміз осындай шешімге келдік. Дүкеннің ашылғанына 1 айға уақыт жуықтап қалды. Оны «Самал» деп атадық. Саудамызда енді реттеліп келеді. Алынған қаражатқа сөредегі сұранысы көп тауар түрлерін арттырмақпыз. Көпшілік те бағасы тиімді, тауары көп дүкендерге келеді емес пе, — дейді жеке кәсіпкердің зайыбы Замира Әбіш.

Кәсіпкердің алдағы жоспары — бастаған істі жалғастырып, сауда көлемін кеңейту.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қаражат алып, жұмыс бастаған Айгүл Айтжанованың кәсібі де осыған ұқсас.

2014 жылдан бастап кәсіпкерлікке ден қойған Айгүл бүгінде бұл салада біршама тәжірибе толықтырған. Бастапқыда «Бизнес-Бастау» қысқа мерзімді курсінен сабақ алған ол қаржылық ұйымдардан 3 млн. теңге рәсімдеп, азық-түлік дүкенін ашады. Уақыт өте тауар түрлерін көбейту үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шарттарымен танысып, тауар түрлерін көбейтуге бел буады. Қаладағы дүкен санының көбеюі, көпшілік сұранысының артуы осындай шешім қабылдауға түрткі болады.

Айгүл Айтжанованың сөзінше, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру-басты міндет. Келетін табыс та осыған байланысты көрінеді. Бүгінде бағдарлама аясында қаржылық ұйымдар арқылы 6 пайызбен екінші рет несие алған оның ендігі мақсаты- кәсібін кеңейту. Өйткені, сауда сөрелерін түрлентіп, тауар қорын толықтырып отыру кәсіп иелерінің басты шаруасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.