Коронавирус: Жамбыл ауданында жағдай күрделі

0 0

Жамбыл аудандық орталық ауруханасында бүгінгі күні 328 науқастан коронавирус індеті, 380 адамнан пневмонияның көрсеткіші оң нәтиже берген. Өткен жұма күні жансақтау бөлмесіне ауыр хәлде келіп түскен 10 азамат дүйсенбі күні ақ кебінге оранған, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Қазір елімізде аты жаман індеттің ахуалы күннен-күнге ушығып барады. Әрине, той-томалақ тиылмай, халық топырлап бір-бірімен қауыша берсе, бізде жақындарымызбен ерте қоштасуымыз мүмкін.

Ащы болса да шындық — осы. Күні кеше аудандағы Аида, Сұлтан сарай мейрамханаларының терезелерін тұмшалап, есігін құлттап алып той өткізіп жатқан азаматтар тіркелді. Ішінде сыңғыр еткен баланың күлкісі естілгенде көкірегіңе өксік тығыла кетеді.

Себебі аудандық орталық аурухананың өзінде 122 науқастың болашағы таразыға түсіп жатыр. Олар өмір мен өлімнің арасында таңдау жасауда.

Олардың басым көпшілігі тойға барып, жұқтырғанын, бетперде тағу мен хабарламаларды мүлде елемегенінің салдары деген ортақ тұжырымға бас изеп отыр.

Аудан әкімдігінің кезекті мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Арубаевтың төрағалығымен өткен жиында халықтың саулығына баса екпін берілді.

Өз кезегінде сөз алған өңір басшысы түсіндіру жұмыстарын ширату керектігін, әр ауылдық округтегі мешіттегі дауыс ұлғайтқышты, жергілікті учаскелік полиция инспекторының қызметтік көлігіндегі дауыс көтермелеудің көмегімен аудандағы індеттің ахуалын хабарлап, түсіндіру жұмыстарын үдету керектігін тапсырды.

Тапсырма бақылауда болатынын да қадап айтты.

Жағдай қиындап бара жатқан шақта, жақындарымызға жанашыр болайық!

Leave A Reply

Your email address will not be published.