Тоғызтарау ауылында жол жабындысы төселуде

0 4

ZHAMBYLNEWS — Жамбыл ауданына қарасты Тоғызтарау ауылындағы орталық Жамбыл көшесінің жолы сүріліп, жол жабындысы төселуде.

Қызу жұмыстың басы қасында жүрген округ әкімі Мұхтар Шайдаев пен тұрғындар асфальттың сапасына назар аударып, енін, тереңдігін өлшеуде.

— Көшеміз ескіріп, шаң көтеріліп әбден мезі еткен болатын. Содан ағымдағы жылдың 28-ші қаңтарында аудан әкімі Сәкен Арубаевтың жылдың қорытындысы бойынша есептік кездесуі ауылдық клубта өтеді дегенді естіп, сонда бардық. Ауылдағы мәселені көтеріп, Жамбыл көшесін жаңартып беруін сұрадық. Аудан басшысы көшенің осы жылы жөнделетенін айтып сендірген болатын. Ал бүгін сол уәдесі орындалып жатыр. Қазір сол асфальттың сапасын тексеріп жүрген жайымыз бар. Ендігі кезекте округтегі қалған екі көше асфальттанып, жарық шамдары қойылса деген тілек бар, – дейді тоғызтараулық Жексен Серғараев.


Шақырымға жуық көшені асфальттау жұмыстарын «Қаратаужолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Халықтан наразылық тумасы үшін мердігер компания ені мен тереңдігін артығымен орындауда.

– Аудан орталығынан 30 шақырымда орналасқан округке Құмсуат, Жаңаөткел, Тоғызтарау елді мекендері қарайды. Жалпы 133 аулада 837 тұрғын бар болса, оларға екі мектеп, балабақша, медициналық пункт, шағын футбол алаңы, ауылдық клуб кітапхана қызмет етеді. Аудан орталығына жақын ауылдардан бөлек, шалғай орналасқан елді мекендерге де жағдай жасалуда. 2019 жылы Өрнек-Ерназар бағытындағы 7 шақырымға жуық жолға 95 млн теңге бөлініп, асфальт төсеу жұмыстары аяқталған. Елді мекендердегі қалған көшелерді асфальттау жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады, — дейді Мұхтар Бекзатұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.