Қаратау қаласында бірқатар нысандар пайдалануға берілді

0 4

ZHAMBYLNEWS — Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Талас ауданы, Қаратау қаласында бірқатар нысандар пайдалануға берілді. Аудан әкімінің орынбасары Роман Қырықбаев ел игілігіне берілген нысандармен танысып, өзінің оң бағасын берді.

Мемлекет басшысы Қасым—Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту міндетін жүктеген болатын. Тәуелсіздіктің арқасында егеменді еліміз көркейіп, қаншама игілікті істер атқарылып, ел игілігіне берілуде. Соның бірі — Қаратау қаласы, Д.Қонаев пен Тамды Әулие көшелерінің қиылысында орнатылған «стрит—воркаут» алаңшасы. Заман талабына сай салынған бұл «стрит-воркаут» алаңшасы қала тұрғындарының спортпен айналысуына кең мүмкіндік беріп, олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға септігін тигізері анық.

Одан бөлек, Қаратау қаласында жалпы ауданы 1600 шаршы метрді құрайтын құрылыс маркеті ашылды. Аталған сауда нысанын ашқан жеке кәсіпкер Жадыра Туремуратова бүгінгі күнге 7 қала тұрғынын жұмыспен қамтып отырғандығын жеткізді. Сауда орнында қажетті құрылыс материалдарының, электр тауарларының, лак-бояу жабындарының, түсқағаздардың, еден төсемдерінің, сантехникалық жабдықтардың сан алуан түрлерін табуға болады.

Сонымен қатар, пайдалануға берілген нысандардың бірі — Жастар саябағының ішінен ашылған «Арбат» демалыс орны. Қаланың орталығынан ойып тұрып орын алған «Арбат» демалыс орны Б.Момышұлы және А.Шейн көшелерінің ортасында орналасқан. Енді бұл жер қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналатыны сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.