Қаһармандардың отбасына Президенттің көңіл айту жедел хаты табысталды

0 8

ZHAMBYLNEWS — Бүгін Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев, мәслихат хатшысы Райымбек Сейітов, аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев Байзақ ауданындағы оқыс оқиғадан қаза тапқан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №1 мамандырылған өрт сөндіру бөлімінің автомобиль жүргізуші-қызметкері асалық Ғафан Қуатбектің және осы саланың аға құтқарушысы ерназарлық Тәңірберген Төребековтың үйіне арнайы барып, отбасы мен жақын туыстарына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын табыстады.

«Ғафан Жомартұлы, Тәңірберген Құдайбергенұлы төтенше жағдайлар саласында еселі еңбек етіп, елімізде адал қызмет етудің үлгісін көрсете білген азаматтар еді. Жамбыл облысында орын алған апатты жағдай кезінде оқиға орнына шұғыл жетіп, адамдардың өміріне араша түсуге ұмтылды. Осы бір әрекеті арқылы ол Отан алдындағы азаматтық антына берік екенін және жанқиярлық ерлігін көрсетті. Азаматтардың есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын», – делінген жеделхатта.

Айта кету керек, Тәңірберген Төребеков Мемлекет басшысының Жарлығымен үшінші дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасымен марапатталса, бұл орден жуық күндері Ғафан Қуатбектің отбасына табыс етілетін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.