Жолдауда көтерілген мәселелер халықтың табыс көзін көтеруге бағытталды

0 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар-ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған басым бағыттардан бөлек, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша бес бастаманы белгілеп берді. Ондағы көтерілген мәселелер негізінен халықтың табыс көзін көтеруге бағытталады.

Жолдауда осыған байланысты Үкіметке бизнесті өз жұмысшыларының жалақысын көбейтуге ынталандыратын «ұтымды шаралар» әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ, қызметкерлердің еңбекақысын көбейткен жұмыс берушіге реттемелі сатып алу жүйесі аясында жеңілдіктер беріледі. Бұл орайда оларға мемлекет тарапынан белсенді қолдау көрсетілетін болады.

Екінші бастамада кәсіпкерлердің кедергісіз жұмыс жасауына кең мүмкіндіктер қарастырылған. Мәселен, бизнес үшін жиынтық салмақты 34 пайыздан 25 пайызға төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізу ұсынылып отыр. Сонымен қатар, бизнестің жұмысында іркілістер мен шығындар болмауы үшін тиісті төлем жүйесі әзірленеді. Жаңа жүйе 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енеді.

Бұдан бөлек, 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет білім, денсаулық және әлеуметтік саласы қызметкерлерінің жалақыларын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады.

Бастамадағы ел үшін тағы бір жағымды жаңалық, отбасылардың баспаналы болу мүмкіндігі артады. Бұл туралы Мемлекет басшысы:

-Мен бұған дейін зейнетақы жинағын
мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастаманың оң әсері туралы айттым. Сондай-ақ, бұл қадам адамдардың жұмыс берушілерден еңбекақыны ашық төлеуді талап етуіне жол ашады. Осы үрдісті қолдау үшін зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат беру қажет деп санаймын. Сонымен қатар, бұл қадам жұрттың қаражат жинауды және оны сауатты жұмсауды дағдыға айналдыруына мүмкіндік береді, — деді.

Адамның табысы оның тұрмысына тікелей әсер етеді. Халықтың өмір сапасының жақсаруы да қаржыға байланысты. Мемлекет басшысының Жолдауындағы бес бастама азаматтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Бұл орайда Жолдаудағы негізгі басым бағыттармен танысқан
көпшілік ондағы көтерілген мәселелердің өзектілігін айтып, өз қолдауларын білдіруде.

 

Ғарифулла БАЙКЕНЖЕЕВ,
Қызыләуіт ауылдық округінің әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.